Әлеуметтік қызметкерлер күніне орай қолөнер көрмесі өтті

25

Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қызметкерлер күні. Мерекеге орай қаладағы 17 әлеуметтік орталық қолөнер көрмесін ұйымдастырып, туындыларын ел назарына ұсынды. Іс-шарада арнаулы мекеменің қызмет алушылары ұсынған бұйымдар таныстырылып қана қоймай, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әжелері концерттік нөмір дайындады. 

Бұл — күн райының бұлтты болғанына қарамастан шымкенттіктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мың бұралған биімен таңғалдырған белсенді әжелер. Олар белсенді өмір сүру орталығының қызмет алушылары. Мекемеде күніне 4 сағат пайдалы дүниелермен айналысатын әжелер — зейнетке шыққан соң бос уақытын құр өткізбеу үшін осы орталыққа келген. Республика күніне қара жорға биін арнайы дайындағанын айтқан жандар өздерін 18 жастағы бойжеткендей сезінеміз дейді.

Қайынкүл Айнабалева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз ол жерде барлық үйірмеге қатысамыз. Ол жерде би, ән бар, еңбек бар, сол сияқты көп қой терапиялар. Біздің хорегорафымыз бар, үш жылдан бері қатысамыз биге. Әртүрлі бағыттағы оншақты биіміз бар. Республика күні болған соң біз «Қара жорғаны» қазақтың биін билейік дедік».

Көрмеде «Алтын күз» тематикасына және Республика күніне орай дайындалған түрлі бұйымдар ұсынылды. Қаладағы №3 тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған орталықтың қызмет алушылары өздерінің туындыларында жылылықты көрсетіпті.

Ғалия Мұталиева, №3 арнаулы қызметтер көрсету орталығының қызметкері: «Біздің ұсынатын заттарымыз – орталықта жатқан аналарымыздың қолдарынан шыққан бұйымдар. Бізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы орталық болғандықтан, аналарымыз бен балаларымыз көбіне үй жасауды жақсы көреді, жылылықты аңсайды, отбасы тыныштығын аңсайды. Сол арқылы өздерінің ойын жеткізеді. Сол үшін бізде үйшік ойыншықтарымыз өте көп. Бәрі қолдан жасалған, тамаша бұйымдар. «Еңбек бәрін жеңбек» дегендей, еңбек арқылы адам өмірге бейімделеді, жақсы өмірге қайта талпынып, кішкене ойлары бөлінеді».

Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қызметкерлер күні. Ерекше жаңдар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі мереке қарсаңында ұйымдастырылып, шымкенттіктердің назарына ұсынылды.

Жанат Өтебаева, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «17 орталық бар, сол орталықта жататын қызмет алушыларымыз бар, интернатта жататын балаларымыз бар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз бар, солардың өз қолымен жасаған жұмыстары ұсынылып отыр. Әр орталық өзінің еңбегін көрсету мақсатында алаңға шығып, өз жұмыстарын көрсетті».

Жалпы үшінші мегаполисте 17 орталық, 2000-ға жуық әлеуметтік қызметкер бар. Биыл ауқымды деңгейде алғаш рет өткізіліп отырған көрмені алдағы уақытта дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз