35748 әскери бөлімінің базасында әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне арналған екі күндік оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған қаладағы мектептерден 137 ұстаз қатысты. Оларға жалпыәскери жарғылар ережелеріндегі негізгі өзгерістер айтылып, еліміздің Қарулы күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасы таныстырылды.
Шымкентте алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері арнайы оқудан өтті. Екі күнге созылған оқу-жаттығу жиынында жалпыәскери жарғылар ережелеріндегі негізгі өзгерістер туралы айтылды. Сонымен қатар, ұстаздар еліміздің Қарулы күштерінің әскери техникасымен де танысты.
Сейіт Амангелді, №78 ЖОББМ алғашқы әскери дайындық және технологиялық пәні мұғалімі: «Біз мұғалімдер алғашқы әскери дайындық пәнін оқушыларға үйрету, нұсқаулықты өту, оқушылармен жұмыс істеу, жауынгерлік дайындық, атыс дайындықтары туралы толығырақ білдік»
Іс-шараның басты мақсаты – саптық және дене шынықтыру дайындығын ұйымдастыру бойынша теориялық және практикалық дағдыларды беру дейді ұйымдастырушылар. Әскерилер мұндай сабақтар аймақтың білім беру мекемелеріндегі әскери дайындықты оқыту барысына оң әсер етеді деп үміттенеді.
Бақнұр Нұрмұхан, Оқу орнының нұсқаушысы: «35748 әскери бөлімінің базасында алғашқы әскери дайындық және технология пәні мұғалімдерімен 2 күндік оқу әдістемелік нұсқаулық өтуде. Бұл нұсқаулықтың негізгі мақсаты АӘД мұғалімдерінің біліктілігін шыңдау және сабақ өткізудегі методикасын арттыру. Жоспар бойынша тактикалық дайындық, әскери топография, атыс дайындығы, әскери медициналық дайындық бойынша сабақтар өткізілуде»
Арнайы оқу-жаттығуға қаладаға мектептерден 137 мұғалім қатысты. Сабақ барысында оқытушылар тәжірибе алмасуға, туындаған қиындықтарды талқылауға және білім беру процесін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алды.