5 қазан – ұстаздар күні. Педагогтердің кәсіби мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатыр. Айтулы дата Шымкентте де жоғары деңгейде аталып өтті.
Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр. Айтулы дата Шымкент төрінде де жоғары деңгейде тойланды. Ұлы мамандық иелеріне арналған салтанатты жиында білім беру саласына еңбегі сіңген 1300-ге жуық мұғалімнің еңбегі ұлықталды.
Мерекеде еңбегі еленген мұғалімдердің бірі – Гүлмира Мырзалиева. Ғұмырының 36 жылын балаларды оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз бүгін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Білім беру саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар педагог, ұстаздық жолды таңдау үлкен батылдық, ал оның үдесінен шығу биік мәртебе деп санайды.
Гүлмира Мырзалиева, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері: «Менің арманым болған — мұғалім болу. Мен балалардың арасында өзімді бақытты сезінемін. Жетістікке жеткен күнім болып тұр бүгін. Өте қуаныштымын. Барлық ұстаздарды бүгінгі төл мерекесімен құттықтаймын. Осындай марапат бәріне жұғысты болсын. Өйткені мұғалімдердің жұмысы өте ауыр»
Осы бір қиын да қызықты мамандықты таңдап, ұстаздық етуден жалықпай келе жатқандардың бірі – Гаухар Исабекова. Ол әрбір шәкіртімнің жеткен жетістігі – менің еңбегімнің жемісі дейді.
Гаухар Исабекова, ұстаз: «Біздің әрбір оқушымыздың жеткен жетістігі, жоғары оқу орнына түскені біздің еңбегіміздің жемісі. Бізге көрген жерде, телефон арқылы бір ауыз рақмет айтса жетеді. Кеше менің оқушыларым құттықтап жатыр. Сол бір ауыз сөзге шабыттанып, шаттанып, әрі қарай жұмыс істеуге мүмкіндігіміз туады»
Ұстаздарды бүгінгі кәсіби мерекесімен мегаполис басшысы да құттықтады. Қала әкімі бүгінде педагогтердің беделін көтеруге бағытталған шаралардың тиісті деңгейде жүріп жатқанын айтты. Сондай ақ, ол келер жылдың соңына дейін үшінші шаһарда 18 жайлы мектептің бой көтеретінін де мәлімдеді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Педагогтердың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де үнемі назарда. Жыл сайын республикалық байқауда үздік педагог атанған 100 ұстазға 1000 АЕК көлемінде сыйақы берілсе, жергілікті бюджеттен 10 адамға 1 млн 35 мың теңге сыйақы беріледі. Бұл мұғалімдердің беделін көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі»
Айта кетсек, бүгінде мегаполисте 30 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Ал, 151 мемлекеттік мектепте 200 мыңға жуық оқушы білім алады. Үшінші шаһардың бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған болса, барлық мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүреді.