Шымкентте мектеп директоры жиналыс үстінде ата-аналарға дөрекілік танытқан. Енді олар этиканы сақтамаған №12 білім беру мекемесі басшысының жұмыстан кетуін талап етіп отыр.
Шымкенттегі №12 мектеп директоры ата-аналарға дөрекілік танытып, этиканы сақтамаған. Бұл жайтты білім беру мекемесінде 5 бірдей баласы оқитын ата-ана айтып, шағымданып отыр.
Салтанат Досымбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Директордың көрсеткен дөрекілігіне байланысты оны жұмыстан шығаруын сұрап отырмыз. Себебі ата-аналар жиналысында директордан қазақша мәлімет беруін сұрағанда, «если для вас собрания не актуальна, можете встать и уйти, вот дверь открыта, вас никто не держит»,- деп жауап берді»
Қала тұрғынының тек мектеп басшысына емес, ғимараттағы әжетханаларға да көңілі толмайды. Сондай-ақ, білім беру мекемесіндегі асхана жұмысында да кемшіліктер бар көрінеді.
Салтанат Досымбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үкіметтен бөлінген тегін тамақ үнемі түс қайтағы қазақ сыныптарына жетпей қалады. Қызым бізге тамақ жетпей қалады деп келеді. Одан кейін әжетхана. Иісінен дәлізде жүргің келмейді»
Білім беру мекемесіндегі бұл мәселелер қала әкімінің көшпелі қабылдауында айтылды. Ғабит Сыздықбеков жауапты басқарма басшысына мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Нұргүл Шәмшиева барады. Бір күнді белгілеңіздер. Сіздер айтыңыздар, ол кісі де айтсын. Содан кейін бір шешім шығарыңыздар. Екі жаққа да ешқандай зиян келмейтін. Себебі мына кісілердің айтқаны рас болса, ол дұрыс емес әрине»
Қаланың бас ұстазы Нұргүл Шәмшиева оқиғаны жіті бақылауына алып, тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Ата-аналардың шағымы расталған жағдайда, мектеп басшылығы жауапкершілікке тартылатынын да айтты.
Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:
«Ата-аналардың тарапынан айтылған шағым шеттеді, қысым көрсетеді, этика сақтамайды деген мәселелер бойынша зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізу керек. Осыған дейінгі жүргізілген зерделеу жұмыстары кезінде кемшілік анықталмаған. Мен өзім уәде бердім, алдағы сейсенбі күні сол білім беру мекемесінде ата-ана мен басшыларды қатыстыра отырып, сөйлесеміз. Егер мектеп басшысының тарапынан келтірілген кемшілік болса, тәртіптік жаза қолданылады»
Сонымен қатар, ата-аналар «Максим Горький» атындағы мектептің атауын өзгертуді ұсынды. Олар білім ұясына қазақ зиялыларының есімі берілсе дейді. Ал, бұл мәселенің қалай шешілетіні әлі белгісіз.