15 қазаннан бастап автобустарда қолма-қол төлем жүйесі мүлдем болмайды. Енді қоғамдық көлік жүргізушілері жолақысын алмайды. Қала әкімінің қаулысы күшіне енген соң, жүйе ретке келе бастайды дейді жолаушылар көлігі басқармасының басшысы. Ал электронды төлем жасауға мүмкіндігі жоқ, тек қолма-қол ақшасы бар жолаушыларға қандай жағдай жасалады?
15 қазаннан бастап автобуста қолма-қол ақша төлей алмайсыз. Тіпті жолақысын төлеудің басқа мүмкіндігі болмаса да қолма-қол ақы қабылданбайды. Қала әкімінің мұндай қаулысы 15 қазаннан бастап күшіне енеді. Мұндай шешімге автобус жүргізушілерінің есіктерді жауып, қолма-қол ақша сұрауына байланысты түскен шағымдар себеп болды дейді тиісті басқарма басшысы.
Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «9 айда 6200 шағым түскен, оның ішінде 3350 шағым – ол автобус жүргізушілерінің қолма-қол ақша жинау фактісі. Әдейі есікті ашпау – 160 фактісі. Осы мәселелерді түбегейлі шешу мақсатында айыппұл да салып жатырмыз, тұрақты түрде жұмыс істеуге полиция да басқа жұмыстары бар. Сол себепті ертеңнен бастап қала әкімінің шешімімен қолма-қол алынады, яғни тек қана электронды ақша болады. Енді қолма-қол ақша ала алмайды».
Ал егер, қолма-қол ақшадан басқа жолақысын төлеу нұсқасы болмаса, өзгелерден өтініңіз дейді нарыққа жаңадан кірген компания басшысы.
Жомарт Қамидоллин, «Smart mobility» ЖШС директоры: «Қолма қол ақша ғана бар, ал басқа тәсілдер болмаған жағдайда, көп емес, 1% боп қалады енді ондай жағдай. Сол кезде «балам, менің орныма төлеп берші каспимен» деуге болады. Қолма-қолды толық кетірсек, бұл жақсы. Транспорт картасы болмаса, банк картасы бар».
Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы бүгінгі таңда жолаушылардың тек 3 пайызы ғана қолма-қол төлейтінін алға тартты. Алайда, оның өзі осындай үлкен проблемаға әкеліп отыр дейді ол.
Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «97 пайызы электронды төлейді, 3-ақ пайызы қолма-қол. Бірақ сол 3 пайыздың өзі бізге үлкен шиеленіс, проблема алып келіп жатыр. Жүргізушілер есігін ашпай қояды, ондай өте көп».
Жаңа компания жолақысын төлеудің бірнеше нұсқасын ұсынады. Сондай-ақ, енді жолақысын төлегендер мен жалтарғандарды жаңа бақылаушылар тексереді. Төлем жасамаған жолаушыларға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Жомарт Қамидоллин, «Smart mobility» ЖШС директоры: «Ол автобусқа қанша адам кірді, төледі, төлемеді, барлық ақпарат системада көрініп тұрады. Система болған соң, төлемесе айыппұл төленеді 2 АЕК заң бойынша. Блютуз төлемдерінен бастап, банк карталары арқылы төлеу, басқа да әдістерді ұсынып отырмыз».
Жаңа жүйе автобусқа кірген жолаушы тізімін, олардың қалай төлем жасағанын, автобустың қайда келе жатқанын, тіпті қандай жылдамдықпен жүргенін көрсетеді дейді жауаптылар.
Енді кемшіліктер мен жүргізушілер тарапынан болатын бұзушылықтар азая бастайды деп сендірді басқарма басшысы.