Бүлдіршінді ұрып-соққан тәрбиеші жазаланбайтын болды

45
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ

Балабақшада бүлдіршінді ұрып-соғып, тіпті аяғынан сүйреп, қатыгездік танытқан тәрбиеші қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды. Ол «тәрбиелеу мекемесі жұмыскерiнің кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту» бабы бойынша айыпталған еді. Сотта әйелдің кінәсі толық дәлелденсе де, тәрбиеші мен жәбірленуші тараптың татуласуына байланысты оған ешқандай шара көрілмейді.

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі:
«Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрады. Онымен татуласып, оған келтірген материалдық және моральдық залалды толық өтеуіне байланысты сот ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ»

Еске сала кетейік, оқиға қыркүйек айында орын алған еді. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан тәрбиешінің бүлдіршінді белгісіз затпен ұрып, аяғынан сүйрегенін көруге болады. Болған оқиғадан кейін балабақша қызметкері бірден жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалған еді.