Дәстүрлі әнді дәріптеген жастар жарысқа түсті

24
Фото: Отырар.кз

Қаратау ауданында Республика күні мерекесіне орай “Дәстүрлі әнім шырқалсын!” атты ән байқауы өтті. Бастаманың мақсаты — қазақ халқының дәстүрлі музыкасын, мәдениетін жастар арасында кеңінен таратып, ұлттық өнерге баулу. Байқауға 14 үміткер қатысып, халық әндерінің қасиеті мен құдіретін көпшілікке паш етті.

Дәуірбек Қанатбек бүгін тарихқа толы Қапездің «Қоштасуын» орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Бозбала әнді нақышына келтіріп орындау үшін 4 айға жуық уақыт дайындалыпты. Көрермен қошеметіне бөленген жас әнші дәстүрлі ән байқауына биыл алғаш рет қатысып отыр.

Дәуірбек Қанатбек, қатысушы: «Менің әнім – Қапездің «Қоштасуы». Тәуелсіздік алмай тұрып, қуғыншылық заманда Қапезді өзінің жолдастары сатып кеткен. Соған түрмеде кетіп бара жатқанда шығарған әні. Мен соны бүгін орындап тұрмын. Бұл осы тарихқа тікелей қатысы бар, сол үшін таңдадым. Осы әнге дайындалуыма 4 ай уақыт кетті».

Ал Батырхан Байданов бүгін шырқаған Абайдың «Сегіз аяқ» әніне бір жылға жуық дайындалыпты. Дәстүрлі әнмен 7 жылдан бері айнылысып келе жатқан жас орындаушы бұл әнді «замандастарым тарихты ән арқылы да ұқса екен» дейді. Бүгін ол өзінің тамаша орындауының арқасында 1-орынды иеленді.

Батырхан Байданов, қатысушы: «Бізге осындай байқау жас дәстүрлі әншілерге керек. Өйткені біз осындай байқауларда, додаларда шыңдалып, одан ары қарай талантымызды ұштай түсеміз. Менің осы байқауға қатысып жатқаныма биыл екі жыл. Былтыр бас жүлде иегері болып, жеңімпаз атанған едім. Ол жерде «Самалтау» әнін орындадым, биыл дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында келіп тұрмын. Осы Абай атамыздың «Сегіз аяқ» өлеңін 1 жылға жуық шығардым. Өйткені әншілер үшін өте күрделі әндердің бірі. Осы әнді жоғары деңгейде орындау өте көптеген уақыт қажет етеді».

Қаратау ауданында «Дәстүрлі әнім шырқалсын» атты байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Екі кезеңнен тұратын жарысқа 30 үміткер қатысуға ниет білдіріпті. Дегенмен, оқ бойы озық шыққан 14 жас орындаушы ғана финалдық кезеңге жолдама алды.

Біржан Байтуов, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры: «Шоу көбейген, эстрада көбейген заманда домбыра ұстап, ән айтатын балаларды қаланың мектептерінен тауып алу өте қиын шаруа. Және оған қызығатын баланы дайындау, оларды ынталандыру өте үлкен жұмысты талап етеді. Осы тұрғыдан алған кезде Қаратау ауданының әкімідігі өткен жылдан бері балаларға үлкен қолдау беріп келе жатыр. Сахарадан табылған сақинадай қылып, қаланың әр мектептерінен домбыра ұстайды-ау деген балаларды жинақтап, солардың арасынан іріктеу өткізіп жатқан байқауымыз. 14 бала қатысып жатыр».

Байқаудың барлық қатысушыларына аудан әкімінің ынталандыру сыйлықтары ұсынылып, жүлделі орын иелеріне арнайы қаржылай сый табысталды.

Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Бұл енді тарихын 90-шы жылдардан бастаған, декларация қабылдап, егемендігін алып, террриториясын бекітіп, халықаралық деңгейге шыққан. Бұл мемлекеттік мереке болып саналады. Соның аясында «Дәстүрлі әнім шырқалсын!» деген іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Одан бөлек спорттық сайыс болады, кейін флешмоб болады. Одан бөлек ауданымыздағы мекемелерде, театрларда концерттер ұйымдастырылып жатыр».

Айта кетейік, 25 қазан – Республика күніне орай Қаратау ауданында мұғалімдер арасында спорттық сайыс, оқушылар арасында флешмоб өтеді. Сонымен қатар, ауданда түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.