Ішімдік ішіп, рөлге отырған полиция майоры көлік жүргізу құқығынан айырылды. Toyota Сorolla маркалы көлігін масаң күйде жүргізген Әл-Фараби аудандық миграциялық полиция бөлімінің қызметкерін әріптестері түнгі сағат 1-лер шамасында ұстаған. Сот шешімімен полицей енді 7 жылға дейін көлік тізгіндей алмайды.
Бір қызығы, масаң күйде рөлге отырған майор полиция қызметкері болғандықтан әкімшілік қамаққа алынбайды. Айта кетейік, сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Сотта оның әрекетінде құқық бұзушылық жасаған фактісі өз дәлелін тапты. Сот ӘҚБтК-нің 32-бабының 2-бөлігіне сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жалпы негіздер бойынша әкімшілік жауаптылықта болатынын ескеріп, аталған адамдарға он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолдануға болмайды деген тұжырымға келді. Ол полиция қызметкері болғандықтан, оны ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру әкімшілік жазасын тағайындады», — деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Ал Шымкент қалалық Полиция департаменті ішкі істер органының беделін түсірген бұл әрекеті үшін полицейді жұмыстан шығарыпты.
«Шымкент қаласы ПД-нің жеке құрам бойынша инспекциясымен рейдтік іс-шара жүргізу барысында масаң күйде автокөлік басқарған полиция қызметкері анықталды.
Дисциплинарлық комиссияның шешімімен құқық қорғау органының беделін түсіретін әрекеті үшін полицей ішкі істер органдарының қатарынан шығарылды.
Полиция департаментімен жеке құрам қызметкерлерінің тарапынан құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі», — делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.