Келестік делегация Сайрамдағы кәсіпорын иелерімен тәжірибе алмасты

23
фото КАӘБҚ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бастаған делегация Сайрам ауданына арнайы іссапармен барып, ондағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Делегация құрамында Келес ауданындағы ауыл, ауылдық округінің әкімдері, кәсіпкерлер мен ауданның ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің өкілдері болды.
Алдымен ірімшік, құрт, консерва өнімдерін дайындайтын «Эл-Дениз» кәсіпорнында болған келестіктер ондағы өнімді дайындау процесімен танысып, тәжірибе алмасты. Кәсіпкермен тілдесіп, жоба туралы толық мағлұматқа қол жеткізді. Сондай-ақ, фаррель, сазан балығын өсірумен айналысатын Пратов жеке кәсіпкерлігінің жұмысын да көзден кешірді. Аталған кәсіпорын бүгінде жылына 20 тоннадан астам өнім алып, ішкі базарды балық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Келестіктер Сайрам ауданына жасаған сапары барысында кондитерлік өнімдерді өндіретін кәсіпкердің жұмысын да қарап шықты. Онда қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, Хидиров жеке кәсіпкерлігі Газель автокөлігінің құатын күшейтумен айналысуда екен. Сонымен қатар, делегация ұжымы сары май, құрт, чечель, брынза өнімдерін өндіріп, күніне 4 тонна сүт өңдейтін Сматулла жеке кәсіпкерлігінің жұмысына қызықты.
Сайрам ауданындағы «Наурыз» ЖШС 5 тоңазтқыш қойма жасақтап, күніне 20 тонна консерва дайындап шығаруда екен. Осы бағыттағы кәсіппен «Глобус плюс» ЖШС айналысуда. Келес ауданынан келген делегацияның сапары 7 түрлі сары май, 2 түрлі құрт, қаймақ, сүзбе, ірімшік өнімдерін шығарып, күніне 30 тонна сүтті өңдейтін «TAYIBA» ЖШС жұмысымен танысумен аяқталды. Онда қазіргі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.