«Көк тудың желбірегені»: байқау жеңімпаздары марапатталды

31
фото Отырар.кз

Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті. Іс-шарада отаншылдық сезімді дәріптеуге бағытталған байқау жеңімпаздары марапатталды. Қатысушылар мамыр айынан бері әлеуметтік желілерде Мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттаған.

Дәл осы видео отаншылдық сезімді дәріптеуге бағытталған байқауда топ жарды. Бейнежазбадан қала тұрғындарының байрағымызды көрген сәтте ерекше күйге енгенін көруге болады. Желбіреген көк туымыз тіпті кішкентай балақайларға да патриоттық сезім сыйлағаны байқалады. Ал, бұл роликті дайындауға біршама күш жұмсалды дейді жеңімпаздар.

Бақдаулет Сейтжаппаров, «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебінің педагог- ұйымдастырушысы: «Біз енді барлық техниканы жұмылдырдық. Кәсіби операторларды, камераларды, дрон барлығын. Детальды кадрлардың өзіне қатты мән бердік. Және монтаждың өзіне 2 күндей уақытымызды жұмсадық. Еңбегіміз ақталды деп ойлаймын. Республика күнінде байрағымыз бен рәміздерімізді дәріптеуде үлкен жұмыс атқардық деп ойлаймыз. Және де бұл әрі қарай атқарыла беру керек деп те ойлаймын»

Патриоттық байқауға жалпы саны 60 адам қатысты. Олар 4 ай бойы Мемлекеттік рәміздер туралы жазба жариялап, қоғамдық шаралар ұйымдастырды. Сондай ақ, бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілелерде сапалы контент қалыптастыруға үлес қосты.

Бейсенкүл Нарымбетова, байқаудың ұйымдастырушысы: «Бүгін Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған үздік іс-шара, ролик, пост байқауының қорытындысы болып жатыр. «Көк тудың желбірегені» патриоттық форумы аясында қорытындылап жатырмыз. Биылғы байқауға 60-тан аса өтінім түсті. Негізгі бөлігін мектеп құрайды. Мектепте патриот балаларымыз өсіп жатыр деп қуануымызға болады»

Ал, қазылар алқасы қатысушылардың арасында қойылған талапты сақтамағандар да болды дейді. Сондықтан да ақтық сынға тек жүзден жүйріктер іріктелген.

Ғани Қалмахан, комиссия мүшесі: «Жарияланымдар өте көп болды. Бұл жердегі талап әр үміткер ең кемі бірнеше ай бойына әлеуметтік желілерде 10 түрлі жазба қалдыру керек еді. Рәміздерге байланысты. Әрине бұның ішінде талаптан шықпағандар да болды. Ақтық сынға талапқа сай келетіндер ғана шықты». 

Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға орай ұйымдастырылған патриоттық байқауда жеңімпаздар «Үздік іс-шара», «Үздік ролик» және «Үздік пост» номинациялары бойынша марапатталды. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жүлдегерлерді құттықтап, байқаудың мән-маңызына тоқталды.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жасөспірім балалар, өскелең ұрпақ сіздер Президентіміз айтатын сапалы адам болып, адал еңбек етіп, адал азамат болып тәрбиеленіп шықсаңыздар тәуелсіздігіміз де бекем болмақ. Болашағымыз да жарқын болмақ. Сондықтан ел аман жұрт тыныш болсын! Елтаңбамыздың еңсесі биік, көктуымыз көкте желбірей берсін!»

Айта кетейік, «Көк тудың желбірегені» атты байқау қала әкімдігінің қолдауымен 3 жыл қатарынан өткізіліп отыр. Жыл өткен сайын қатысушылардың саны көбейіп, туындылардың сапасы артып, байқаудың өзіндік дәстүрі қалыптасып келе жатыр дейді жауаптылар.