«Күзгі асар — 2024» жәрмеңкесі өтті

248
фото САӘБҚ

Сайрам ауданы білім бөліміне қарасты Оқу-өндірістік комбинатының базасында «Күзгі асар – 2024» күзгі өнімдер жәрмеңкесі өтті. Мақсаты — оқушыларды еңбекке баулу, достықты насихаттау, жауапкершілікке тәрбиелеу, күздің молшылық пен береке айы екенін түсіндіру.

Аталмыш шараны осы оқу орнының «Тракторшы-машинист» кәсібі бойынша білім алатын 9-10 сынып оқушылары жетекшісімен бірге ұйымдастырды.
Шараға мектеп директоры С.Сұлтанов, ұстаздар және оқушылар қатысты.
Мектепішілік жәрмеңкеде жеміс-жидектер, көкөніс өнімдері және түрлі тағамдар сатылымға шықты. Көкөністердің сұрыптары аталып, тиімді бағада тұтынушыларға ұсынылды. Жәрмеңкеден түскен қаржылар мектептің қажеттілігіне жұмсалатын болады.
Оқу-өндірістік сабақтар әріптестік-серіктестік негізінде «Зиябек» шаруа қожалығында өтеді. 10 сынып оқушылары өткен оқу жылында бақша өсімдіктерін егу, суару, күтіп-баптау жұмыстарына өндірістік практика ретінде қатысты. Биылғы оқу жылының бірінші тоқсанында сол бақша өсімдіктерін жинау және қысқы мерзімге сақтау, құнын шығарып сату жұмыстарымен танысты.
Іс-шарада мектеп директоры күзгі жиын-терім науқанында диханшылармен қатар, оқушылар да өз үлесін қосып, белсенділік пен еңбекқорлық қасиеттерін танытқаны үшін алғысын айтты. Өз кезегінде, білім мекемесінің ұжымы да ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетелік, оқу-өндірістік комбинаты «Орта білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар жұмыстарын, 9-11 сынып оқушыларының кәсіби дайындығын жүзеге асырады. Осыған байланысты, аудандағы 20 орта мектеппен екіжақты келісімшарт түзілген. Бүгінгі таңда осындай білім беру мекемесінен жоғары 9-10-11 сыныптарынан 3285 оқушы кәсіптік бағдар бойынша білім алады. Олар автокөлік ісі, автокөлік жөндеу ісі, тракторшы-машинист, токарь, ағаш бұйымдарын құрастырушы, көркемдік-безендіру жұмыстарын атқарушы, тігін ісі, аспаз, офис-менеджері, тәрбиеші көмекшісі, шаштараз шебері, кіші мейірбике, мобилография мамандықтары. Жалпы алғанда, 13 мамандық бойынша кәсіби топтарға бекітіліп, бастауыш кәсіптік білім беру, кәсіптік бағдар және кәсіптік бейімдеу жұмыстарымен қамтылды.
Соның ішінде «Тракторшы-машинист» мамандығы бойынша биылғы оқу жылында 391 оқушы алғашқы кәсіптік білім алуда. Бұл мамандықтың оқу бағдарламасына сай, оқыту үдерісінің 70% оқу-машықтану және оқу-өндірістік сабақтарды қамтиды.
Мектеп жасындағы жасөспірім үшін күнделікті тұрмыстық жағдайда қажет ететін сұраныстағы әрі қолжетімді мамандықтарды таңдауына және алуына мүмкіндігі бар.