Мәйіттік донордың жүрегі салынған науқастың қазіргі жағдайы белгілі болды

122

Шілде айында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында мәйіттік донорға ота жасалынған болатын. Жол апатынан қайтыс болған 18 жасар жігіттің ағзалары төрт реципиентке салынған еді. Солардың бірі – Кеңесбай Дәрменов. 58 жастағы реципиентке жүрек трансплантациясы жасалынды. Жүрегі алмастырылған науқастың бүгінгі жағдайы қалай? 

Кеңесбай Дәрменовтың өмірі осыдан бірнеше ай бұрын күрт өзгерді. Себебі оған 18 жастағы мәйіттік донордың жүрегі салынды. 58 жастағы азамат осы сәтті 2018 жылдан бері күткен. Ол қазіргі таңда жаңа жүрегінің бірқалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтады.

Кеңесбай Дәрменов, Реципиент: «Алдын ентіге беретін едім, ентігу жоқ. Көкірек қышитын еді, ол да жоқ. Қазір тыныш. Алдын жүрегім істеп-істеп, тоқтап, қайтіп істейтін еді. Әр кезде бір тоқтап, қайтіп істейтін еді. Қазір оның бәрі жоқ. Бәрі бір қалыпты ұрып тұр»

Реципиенттің жұбайы Роза Тұрдығұлова алғашында бұл отаға қарсы болғанын айтты. Себебі жолдасым көзін ашпай қала ма деп қорықтым дейді.

Роза Тұрдығұлова, Реципиенттің жұбайы: «Бірінші қарсы болған едім, өзім іштей. Дәрігерлер түсіндіріп айтқаннан кейін келістім. Үлкен қорқыныш болды жүрегімде. Көзін ашпай қала ма деген қорқыныш болды. Құдайға шүкір, әйтеуір көзін ашты. Қуаныштымыз»

Кеңесбай Дәрменовке жол апатынан көз жұмған 18 жастағы жігіттің жүрегі шілде айында салынған еді. Ота Шымкенттегі жүрек орталығында сәтті жүзеге асырылды. 2 апта жансақтау бөлімінде жатқан науқастың бүгінде жағдайы бірқалыпты, үйіне шығарылған. Алайда дәрігерлер оған тағайындалған дәрілерді тұрақты ішіп, күтіну қажеттігін ескерткен.

Диана Бигалиева, Шымкент қалалық «Жүрек» орталығы №1 кардиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі: «Қазіргі жағдайы науқастың бірқалыпты. Ауа жетіспеушілігінен арылды. Науқас өмір бойы уақытылы дәрі дәрмектерін қабылдайды. Уақытылы дәрігердің айтқанын орындап жүрсе, денсаулығы жақсы болады»

Кеңесбай Дәрменовтың өзіне жаңа өмір сыйлаған марқұм жігітке, келісім берген туыстарына деген алғысы шексіз. Ол жас жігіттің ата-анасымен жолығып, олармен жақынырақ таныссам деген ниеті бар екенін де жасырмады.

Кеңесбай Дәрменов, Реципиент: «Іздестіріп барып, алдынан өтемін ғой Құдай қаласа. Барып, рақметімді айтып. Өздерімен сөйлессем, жақынырақ таныссам дегендей ниет бар»

Айта кетейік, мәйіттік донордың жүрегі Кеңесбай Дәрменовке, ал бауыры Алматыдағы 58 жастағы әйелге салынды. Сонымен қатар, бір бүйрегі 40 жастағы Тараз азаматына, екіншісі Астанадағы 16 жастағы балаға берілді. Осылайша марқұм болған 18 жастағы жігіттің ағзалары ата-анасының келісім беруімен 4 бірдей жанға жаңа өмір сыйлады.