Бүгін Шымкентте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті. Қала тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура, полиция, салық қызметкерлерінен және адвокаттардан түрлі мәселелер бойынша кеңес алды.
Заңгерлік кеңес пен құқықтық сауалдарға жауап. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» қаланы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында азаматтарды қабылдады. Тұрғындар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура, полиция, салық, сондай-ақ заңгерлерден тегін заңгерлік кеңес алды.
Лаура Бидалиева, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының мүшесі: «Жер мәселесіен келіп жатыр көбінесе, тіпті жер мәселесі бойынша қалалық адвокатураға баруды білмегендер бар. Осы жерден біз де тегін ақыл-кеңес береміз».
Ақмарал Қанатбек бүгін салық саласы мамандарының көмегіне жүгінді. Ол осы уақытқа дейін мәселелері бойынша мазалаған сұрақтарына жауап ала алмаған соң, мобильді топтың көмегіне жүгініп отырғанын айтады.
Ақмарал Қанатбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің сұрағым салық органдары бойынша құзіретті органдардан ала алмай жүрген жауабым бар еді. Сол бойынша бүгінгі болып жатқан жәрмеңкеде барлық сұрақтарымның жауабын алдым, қанағаттандырды жауаптары».
Кездесудің негізгі мақсаты — азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, тұрғындар үшін білікті құқықтық көмектің қолжетімді болуы. Бұл кеңес алуға, құқықтық мәселелерінің шешімін табуға мұқтаж, сұрақтарына жауап іздеген кез келген адам үшін бірегей мүмкіндік.
Серғали Жанұзақов, Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бас маманы: «Мемлекеттік органдардың қатысуымен және жеке сот орындаулышар, адвокаттардың қатысуымен халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетілуде. Департаментпен бұл жоба ай сайын жүргізіледі. Бұл жерде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту мақсатында, тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында өткізіліп отырады».
Мобильді топ келесі жолы құқықтық көмек көрсететіні туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті сайтынан білуге болады.