«Облыстық дәрігерлік дене тәрбиесі диспансері» өңір спортшылары үшін қызмет көрсетуде

23
фото ТОӘБҚ

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Қазіргі таңда әлемдік спортта бәсекелестік өте жоғары. Ал мұндай жарыстарда жүлделі орындарға ие болу үшін спортшыларымыздың денсаулығы мықты болуы қажет. Ол үшін Түркістан қаласында «облыстық дәрігерлік дене-тәрбиесі диспансері» қажырлы еңбек етіп келеді. Диспансерлік орталық ұжымы спортшылардың спорттық жарыстарға қатысуы үшін медициналық тексеру және емдеу жұмыстарын жүргізеді.

Диспансерлік орталық Түркістан облысына қарасты 72 спорт мектебінің, оның ішінде жоғары жетістіктерге ие болып отырған ҚР Ұлттық құрама командаларының спортшыларын тереңдетілген медициналық тексеруден өткізеді. Сондай-ақ, Түркістан облыстық спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтетін түрлі жарыстарда алғашқы медициналық қызмет көрсетеді.
«Диспансер алғашқы медициналық жәрдем көрсету үшін барлық дәрі-дәрмек және антисептикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оған қоса спорттық медицина бөлімінде 10 білікті дәрігер, 20 мейіргер, хирург, травматолог, офтальмолог, оториноларинголог, стоматолог, кардиолог мамандар спортшылардың денсаулығын тексереді. Мекемеде тұрғындарды ақылы түрде медицаналық тексеруден өткізу мен дәрігерлерден кеңес алу бойынша да қызмет алу қарастырылған», — деді Түркістан облыстық дәрігерлік дене-тәрбиесі диспансері МКҚК директоры Дәулет Жүнісов.
Диспансер соңғы үлгідегі озық медициналық технологиялармен жабдықталған.
Заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін қолдана отырып, спортшыларға жоғары сапалы қызмет көрсетіледі. Өңірлік диспансердің еліміздің спорт саласын дамытуда қосар үлесі мол.