Отбасы құндылықтары — қоғамның басты бөлігі

31
фото ОТЫРАР

Бүгін мегаполис жастарына бақытты отбасын құрудың маңызы туралы айтылды. Кездесуде ажырасудың себептері мен оның алдын-алу жолдары да әңгіме болды. Жиынға қатысқан спикерлер тіпті әлеуметтік желідегі коучтарды сынға алды.

Бүгін мегаполис жастарына отбасы құндылықтары туралы айтылды. Арнайы ұйымдастырылған кездесуде берік шаңырақ құру мен сәби сүюге дайындықтың маңызы жайлы кеңінен әңгіме болды. Қазақстандағы алғашқы ЭКО нәрестенің авторы Салтанат Берденқызы елімізде ажырасудың көп екенін айтты. Тіпті бұған әлеуметтік желідегі кей ақпараттардың әсері бар деп, коучтарды сынға алды.

Салтанат Берденқызы, «Экомед» клиникалар тобының негізін қалаушы:
«Ажырасу қазір өте көп. Ажырасудың себептері негізгі осы теріс ақпараттың көп болуынан. Қазір әрбір адам психолог болып кетті, коуч дей ма, бәрі елдің миын ашытып жатыр. Жалпы өзі өмірде түкке жетпеген, бірақ тілімен жағына сүйеніп, сайрап қалған адамдарды ажырата білу керек»

21 жастағы Жанерке Тұрсынбек бүгінгі жиынның қатысушы. Ол кездесуден көптеген пайдалы ақпарат алғанын айтып отыр. Бойжеткеннің пікірінше, отбасында ана бақытты болса, бәрі бақытты болады.

Жанерке Тұрсынбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әр отбасы өзіндік бақытты болуы керек. Отбасында ана бақытты болса бала бақытты болады. Ана мен бала арасындағы, әке мен ұлдың арасындағы қарым-қатынас жайлы керемет пайдалы дүниелер айтылды іс-шарада. Жастардың алған дүниесі мол болды деп ойлаймын»

Отбасылық құндылықтар — қоғамның негізгі құрамдас бөлігі. Осылай деген жауаптылар бүгінгі шараның мақсатына тоқталды.

Айжан Русланқызы, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:
«Бүгін Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Салтанат Байқошқарова келіп отыр бізге. Жастарға отбасылық құндылықтар тақырыбында әңгіме айтты. Ата-әжеге құрмет, әкеге сый, анаға жылулық, балаға махаббат және кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетілген отбасылардан айбынды азаматтар мен көрегенді қыздар өсіп шығатындығын айтып жатырмыз»

Шара соңында ұйымдастырушылар рухани болмысымызды жоғалтпай, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге шақырды.