Бүгін Созақ аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға аудан прокуроры Ержан Қожабеков, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, салаға жауапты мамандар және аудан аумағында жұмыс істейтін өндіріс орындарының өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жүргізіп отырды. Аудан прокуроры Ержан Базарбекұлы өз сөзінде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуінің маңызды екенін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз –пробация есебіндегі азаматтардың жұмысқа орналасуына көмектесіп, оларды әлеуметке қайта енгізу. Бұл – тек мемлекеттік органның ғана емес, барлық қоғамның міндеті. Бүгінгі жиынның нәтижесінде қабылданатын шаралар пробация қызметіндегі азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал етіп, ол бойынша нақты шаралар атқарылуы тиіс», – деді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Созақ аудандық прокуратурасының прокуроры Ерсұлтан Алшынбекұлы мен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция мойоры Қалижан Мұсалиновтың хабарламалары тыңдалды.
Жиында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың қайта қылмыс жасауын болдырмау мақсатында атқарылуы тиіс шаралар жан-жақты талқыланды. Жұмысты үйлестіруге бағытталған ұсыныстар айтылып, қажетті шаралар қабылданды. Олардың орындалу мерзімдері нақты белгіленді. Әрбір тапсырма арнайы құжатқа енгізіліп, бақылауға алынды.