Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті тұрғындармен кездесуі Күншығыс шағынауданында жалғасты. Тұрғындар мегаполис басшысына өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, қордаланған мәселелерін жеткізді. Кездесу барысында сұрақтардың басым бөлігі – абаттандыру, көгалдандыру, жарық, кептеліс, қоқыс және жол қауіпсіздігі салалары бойынша болды.
Бұл Күншығыс шағынауданында қала әкімімен кездесуге жиналған тұрғындар. Олар бір жылдан бірнеше жылға дейін созылған мәселелерін шешіп беруді сұрау үшін жиналды. Қала әкімінің халықпен кездесуін көптен күткен тұрғындар жарық, қоғамдық көлік, жол, кептеліс мәселелерін қозғады.
«Бұл ауданға тек екі автобус келеді, 108 және 68. Бұрын 4 автобус жүретін еді. Қазір базарға немесе өзімізге керек жерге барайын десек, атвобус жоқ. Осы мәселені шешіп берсеңіздер», — деді аудан тұрғыны.
Ауданда тазалық мәселесі де өзекті. Тұрғындар жаңа қоқыс алаңшасын салып беруді сұрайды.
«Бізде домды айнала 8-9 үй мусорды бір жерге тастайды. Мусордың артын кірпішпен ба қалап жөндесеңіздер, дем ала алмай қаламыз», — деді аудан тұрғыны.
«Бұл бойынша жанына басқа жер қазылып жатыр. Қосымша мусорное площадка қоямыз», — деп жауап берді Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев.
№71 мемлекеттік балабақшада таңғы ас дұрыс берілмейді. Осылай деген ата-аналар бүлдіршіндерге таңғы асқа бір жұмыртқа ғана берілгенін айтады. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын ата-аналардың балаларына тегін тамақ беру мәселесі де шешілмей отырған көрінеді.
«Бір жұмыртқа бір нан, майымен бар нан дейді, бірақ бұл не масқара?! Осы жұмыртқаны азанда завтрак ретінде берген. Ол мәселені біз қозғадық, горонодан келіп тексерді, бірақ нәтиже жоқ. Жолдауда көпбалалы семьялар, АСП алатындар садикте тегін тамақтандырсын деген. Ол басқа садикте тегін барды блалалар, ал осы 71-де тегін барған жоқ», — деп шағымданды қала тұрғыны.
Қала әкімі бұл мәселені өз бақылауына алып, жауапты орынбасарына нақты тапсырма жүктейтінін жеткізді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Жақсы сіздер, келіңіздер. Сәрсен Құранбекке мен нақты тапсырма беремін, тезірек шешу бойынша».
Кездесуде тұрғындар электр жарығы, үй, жер мәселелері, көгалдандыру мен абаттандыру бойынша өз сауалдарын көтерді. Қала әкімі барлық мәселелер заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.