Сәбиді аяғынан тартып, сүйреген тәрбиеші жауаптылықтан босатылды

122
фото astanatv.kz

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарарлық сотында Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Ш. ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігімен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi оқу, тәрбиелеу мекемесінiң жұмыскерiнiң, кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту) айыпталған.

Сотталушы Ш. 2024 жылғы 3 қыркүйекте Шымкент қаласы, Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан бөбекжай балабақшасындағы тәрбиеші ретінде жұмысын жасап жүріп, тобындағы кәмелет жасына толмаған жәбірленуші Б.-ға екі рет ұйықтау қажеттігін ескерткен. Алайда жәбірленуші Б. сотталушыны тындамаған, содан, сотталушы жәбірленушіні қолынан ұстап, жұлқылаған, әрі қарай жәбірленушіні аяғынан тартып, сүйреген, нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірмейтін жарақаттар салған.
Сотталушының кінәсі өз жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сараптама қорытындыларымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Прокурор сотталушы мен жәбірленуші татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі жазбаша арызында сотталушымен татуласқанын, оған кешірім бергенін мәлімдеп, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
Сотталушы Ш. тағылған айыпты мойындап, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігінің санкциясымен айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту не қамаққа алу жазасы көзделген. ҚК-нің 10-бабы 3-бөлігіне сай, қылмыстық теріс қылық деп, жеке адамға болмашы зиян келтірген, оны жасағаны үшін жоғарыда көрсетілген жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет танылады.
ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса, келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрап, онымен татуласып, оған келтірген материалдық және моральдық залалды толық өтеуіне байланысты, сот ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.