Сарыағаш қаласында орналасқан №1 М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 100 жылдық мерейтойына арналған «Ғасыр белесіндегі білім ордасы» атты салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынға ардагер ұстаздар, мектеп түлектері, мектеп оқушылары, ұстаздар, ата-аналар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Алдымен қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Білім ордасының үздік түлектерінің бірі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйенова мерекелік жиынға арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты құттықтады. Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев білім ордасының ұжымын құттықтап, ұлағатты ұстаздарды білім жолындағы ерен еңбектері үшін облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жалғасып, аудан әкімі Арман Абдуллаев ғасырлық тарихы бар білім беру ордасының ұжымын құттықтап, ұстаздық жолдағы озаттарды марапаттады. Мерекелік шара барысында мектептің түлегі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Тәшенев университеті» АҚ Басқарма басшысы Оңалбай Аяшев та бірқатар ұстазды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Салтанатты шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары және мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Білім ордасының қабырғасында елге белгілі түлектер білім алып, елге қызмет етуде. Жалпы бір ғасырлық тарихы бар, қара шаңырақ атанған №1 М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында бүгінде 1733 оқушы білім алып, оларға 175 педагог білім беруде.