Сарыағашта лимон өсіретін жылыжай құрылысы жүргізілуде

21
фото САӘБҚ

Сарыағаш ауданында жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында жобалар көбейіп, өңірдің әлеуеті арта түсуде. Осы бағытта аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, салынып жатқан ұсақ малды бордақылауға арналған алаңша мен мал сою және экспортқа ет дайындау цехының құрылысы жұмыстарын бақылады.

Құрылыс алаңында аудан басшысы кәсіп жетекшілерімен кездесіп, жоба барысын талқылады. Аудан басшысы нысан ауқымдылығын жоғары бағалап, оның ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер оң ықпалына сенім білдірді.
Сонымен қатар аталған нысан аумағындағы 5 га жүк көліктеріне қызмет көрсету және кедендік тексеруге арналған кешеннің құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды, сонымен қатар 15 000 бас ұсақ малды бордақылауға арналған. Жаңа мал сою бекеті тәулігіне 200 бас ірі қара малын сойып, өңдеуге мүмкіндік береді. Цех толықтай іске қосылғанда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Айта кетсек, аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында Зортөбе елді мекеніндегі заманауи жылыжай және өнімді сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жеке кәсіпкермен кездесті.
Жеке кәсіпкер С. Қалтаев 3 гектар жер учаскесінде лимон, 50 соттық жерде көкөністер өсіруге арналған заманауи жылыжай және өнімді сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы құны 252 миллион теңгені құрайтын жобаның іске асырылуы нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ лимон өсіруге арналған жылыжайдың құрылыс жұмыстарына заманауи технологиялар қолданылып, тиімді суару жүйелері, ауа температурасы мен ылғалдылықты қадағалайтын автоматты жүйелер орнатылады.
Кездесу барысында аудан әкім кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуын тіледі.
Аталған жоба ауылшаруашылық саласында маңызды серпіліс жасауына, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын көтеруге, аудан экономикасының оң өзгерістеріне алып келеді.