Шеберді еске алу: Шымкентте грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті

31

Шымкентте көрнекті қайраткер Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті. Дарынды ғалым, ҚР Жоғары мектебі Халықаралық Ғылым Академиясы мен Педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,көрнекті қоғам қайраткері және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірінші ректоры. КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының Құрметті азаматы.

Оның басшылығымен спортшылардың бірнеше ұрпағы тәрбиеленді. Академикті еске алу мақсатында қалаға Қазақстанның барлық облыстарынан және әлемнің бес елінен үш жүзге жуық спортшы келді.

Мардан Сапарбаев спорттың дамуына зор үлес қосқан біртуар тұлға. Ол КСРО-ның 90-нан астам спорт шеберін, Кеңес Одағы мен Қазақстанның чемпиондарын, сондай-ақ әлем біріншілігінің жүлдегерлерін дайындады. Оның 48 оқушысы еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болды.

Асқар Құлов, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті: «Мардан ағамыздың турнирі өтіп жатыр. Турнирден кейін спортшылар қазан айының соңында өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Соған дайындық болып жатыр. Қазақ күресі дами берсін».

Мардан Сапарбаев дүниеден өтсе де оның ізбасарлары ісін жалғастыруда. Жыл сайын мұндай турнирлер Қазақстанның әр облысынан екі жүзден астам спортшы жинайды. Биыл халықаралық турнирге олармен қатар жақын және алыс 5 шет мемлекеттің спортшылары қатысты. Жүзден жүйрік шыққандар құрмет және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Нұржан Қатаев, ҚР Күрес федерациясының вице-президенті: «Біздің жалпы жергілікті Шымкент күрес федерациясының басшысы Марат Сапарбаевтың күреске жасап жатқан жұмысы үлкен. Сондықтан қазіргі деңгейде Шымкенттің күресі дамып келе жатыр. Барша күрес сүйер қауымға айтарым Шымкентте қазіргі таңда баршамызды осы Париж Олимпиадасында қуантқан Демеу Жадыраев жастарға үлкен мотивация беріп, қазір осы жарысымыздың қонағы болып жатыр. Енді барша келген қонақтарымызға Шымкент қаласының қонақтарына, тұрғындарына, төрешілерге мерейтоймен құттықтағым келеді».

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Ал бірінші орын иегерлері үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Кім біледі, мүмкін бұл спортшылар көп ұзамай халықаралық аренада үздік ойын үлгісін көрсетіп, үздік атанар. Бір нәрсе анық — жарысқа қатысушылардың географиясы кең және бұл турнирдің маңызы мен мәртебесі жыл сайын артып келеді.