Шетелге заңсыз жұмысқа баратындар көбейген

35
фото: Отырар.кз

Қазақстандықтар Ресей мен Оңтүстік Кореяны ақша табуға тиімді елдер деп санайды. Сондықтан ел азаматтары жұмыссыздық пен мемлекеттегі жалақының аздығынан шетелде заңсыз жұмыстарға барады. Тіпті арасында ол үшін түрлі қулықтарға жол беріп жатқандар да бар. Ал ондай жағдайдың соңы неге алып келуі мүмкін? 

Қазақстандықтар ақша үшін, шетел асып біліктілікті қажет етпейтін ауыр жұмыс істеуге келісіп жатыр. Олардың біразы заңсыз кетіп, миграция заңдарын бұзатын көрінеді. Мамандар мұндай тәуекелдің соңы түрлі қиындықтарға әкелуі мүмкін екенін айтады.

«Жұмыстың бұл түрі үлкен қауіп төндіреді. Біріншіден, мигранттарға құқықтық және әлеуметтік қорғау жетіспейді, олар өздерінің мигранттар екенін біледі және көп жағдайда ешқайда жүгінбейді. Олар медициналық сақтандыруды алмайынша, дәрі-дәрмек те қолжетімсіз болады», — дейді еңбек нарығының сарапшысы Александра Молчановская.

Қазақстандық заңсыз мигранттар көбінесе құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейді. Әсіресе, Ресей мен Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан келген жұмысшылар көп. Соңғы ресми мәлімет бойынша құқықтық және әлеуметтік қорғаусыз 15 мыңға жуық жерлесіміз мигрант атанған. Мұндай жағдайда, еңбек жарақатын алған заңсыз мигранттар жұмыс берушіден өтемақы ала алмайды. Заңгерлер олар әрқашан қауіп-қатерден хабардар болуы керек дейді.

«Егер заңсыз мигрант барған мемлекеттің заңдарын әдейі бұзса, ол барлық тәуекелдерді өз мойнына алады. Ол мемлекет, әрине, қандай да бір алғашқы көмек көрсетеді — содан кейін шығынды есептеп, төлетеді», — дейді заңгер Сергей Уткин.

Қазір ішкі істер министрлігі Корея Республикасымен келісім жасауға дайындалып жатыр. Оған өз еркімен туған жерге оралуға шешім қабылдаған азаматтарға қолдау көрсетеді. Ал Еңбек министрлігі Қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяда заңды жұмыспен қамту жүйесін қосуды қолға алып жатқан көрінеді.

«Шет мемлекетті EPS жүйесіне енгізу үшін үш кезеңнен өту қажет: ішкі мақұлдау; Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында EPS орталығын ашу объектілерімен танысу және жүйеге шет мемлекетті қосу туралы түпкілікті шешім қабылдану керек. Бүгін біз бірінші кезеңнен өтіп жатырмыз», — дейді ҚР Көші-қон қызметі комитетінің сыртқы көші-қон және босқындар істері басқармасының басшысы Рұстам Рамазанов.

Мамандар шешетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық азаматтарының атажұртқа оралуын ынталандыру үшін елімізде тұрақты жұмыс орындарын ашып, өмір сүру сапасын арттырудың маңызы зор дейді.