Мегаполистің 100-ге жуық жас тұрғыны қалалық полиция департаментіне барды. “Полициядағы бір күн” іс-шарасы аясында еріктілер тәртіп сақшыларының жұмысымен танысты.
Шымкентте 100-ге жуық ерікті тәртіп сақшыларының жұмысымен танысты. Жастар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін патрульдік полицейлердің таратуына қатысып, жедел басқару орталығы мен департамент мұражайында болды. Ішкі істер органдарындағы жұмысқа қызығушылық танытқандар қатарында 17 жастағы Диана Черткова да бар.
Диана Черткова, ерікті: «Мен қалалық Полиция департаментіне алғаш рет келдім. Біз тәртіп сақшыларының қала тыныштығы үшін атқарып жатқан жұмыстарын көрдік. Полицейлердің тыныс-тіршілігімен таныстық. Маған шынында да өте қызық болды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтың алдын алу саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға алғысым шексіз»
Шымкентте күніне 800-ден астам полицей тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқарады. Ал, 102 байланыс номеріне 1300-ден астам қоңырау келіп түседі. Қала тұрғындарының арыз-шағымы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз дейді пагондылар.
Арман Бейсенбаев, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
«Түрлі жағдаймен түседі. Негізі 102-ге жалпы қаладағы барлық проблемамен хабарласады. Қоқыс тастаған бойынша, жол ережелерін бұзған бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша, қылмыстық жағдайлар бойынша, жай хабарласып көмек сұрайды. Оның барлығына біздің полиция қызметкерлер жедел түрде жауап беріп, жұмыс атқарады күнделікті»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара жастардың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған. Осылайша өскелең ұрпақ заңсыз әрекеттер үшін қарастырылған жауапкершіліктерден хабардар болады дейді полиция қызметкерлері.