Шымкентте 15 мыңға жуық жас не жұмысқа, не оқуға тартылмаған

39
Screenshot

Елімізде жұмысқа немесе оқу процестеріне тартылмаған жастардың үлесі 6-7 пайызды құрайды. Осылай деген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев Еңбек министрінен NEET санатындағы жастардың санын азайту үшін қандай шаралар қоланып жатқанын сұрады. Шымкентте бұл санатқа жататын 15 мыңға жуық жас бар. Оларды жұмыспен қамту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Бірақ мұндай жастардың саны азаймай тұр. Оған не себеп болуы мүмкін?

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын жастар санын азайту үшін қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады. Сөзінше, елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі 6-7 пайызды құрайды. Дегенмен, бұл санатқа жататын жастардың саны әлі де азаймай тұр.

Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Қазақстанда не жұмысқа не оқу процестеріне тартылмаған жастардың үлесі шамамен 6-7 пайызды құрайды. Мемлекет NEET жастары проблемасының күрделі екенін түсіне отырып, олардың санын азайтуға бағытталған бірқатар шараларды іске асыруда. Бірақ олардың тиімділігі төмен, қоғамдық жұмыстар сияқты дәстүрлі қалыптасып қалған уақытша жұмыспен қамтудан өзге, NEET жастары санын тұрақты түрде азайту үшін қандай шаралар қолданылып жатыр ма?»

Тек Шымкент қаласында жұмысы жоқ, не оқу процесіне тартылмаған 14660 жас бар. Оларды жұмыспен қамту үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Мәселен қаладағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызын жастар құрап отыр дейді мамандар.

Бекзат Толыбаев, Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директорының орынбасары: «Егер жастар белгілі себептермен мамандығын ауыстырғысы келіп жатса немесе жеке алдына кәсіппен айналысам десе, мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бар, субсидия бар. Жұмыс тәжірибесі жоқ NEET категориядағы жастарды алғашқы жұмыс орны бар мерзімі 1,5 жылға созылған. Мақсат – сол жұмыс берушіде тұрақты жұмысқа орналасу».

Ал шымкенттіктер жастардың екі қолға бір күрек таппауының бірден-бір себебі – өздерінің жалқаулығы мен оңай жол іздеуі дейді. Қала тұрғындары істеймін деген адамға мүмкіндік көп екенін айтады.

«Қазіргі жастарға жұмыс көп менің ойымша. Жас деген ынталану керек, жігерлену керек, әрекет жасау керек. Бұларда ешқандай әрекет жоқ. Қазір тек қана телефонға кіріп алған, оңай жолды іздейді, оңай жолмен жасағысы келеді. Олай болмайды. Жұмсау керек қой күштерін жас болғаннан кейін», — дейді қала тұрғыны.

«Жалақысы төмен болса керек, мүмкін. Мен өзім үйде отырған анамын декретте, үйде өзім қосымша табыс ретінде тігіншілікпен айналысамын. Өздерін таппай жүрген жастар көп қой, мүмкін сол себеп шығар. Өздерінің кәсіптерін салаларын таппай жүрген шығар деп ойлаймын», -дейді Шымкент тұрғыны.

NEET санатындағы жастар бірнеше категорияға бөлінетін болса, оның ішінде тіпті сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас екі қолға бір күрек тапқан.