Бокстан Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде спортшылар 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Кіл мықтылар жиналған жекпе-жек қалай өтті?
Шымкентте халықаралық бокс додасы өз мәресіне жетті. Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде спортшылар 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Бұл былғары қолғап шеберлері үшін Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми жарыс. Бүгінгі шешуші сында 57 келі салмақ дәрежесінде Махмұд Сабырхан мен Оразбек Асылқұлов жұдырықтасты. Шаршы алаңда Махмұд Сабырхан қарсыласына есе жіберді.
Оразбек Асылқұлов, Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпазы: «Бүгін финалда Махмұдпен шықтым. Реванш алдым. Оның алдында 2 рет ұтылған едім одан. Бүгін міне есемді қайтардым. Енді алда Азия чемпионатына дайындаламыз. Жақсы дайындалып, Азия чемпионы боламыз»
Шымкент төрінде өткен жарыс туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері пікір білдірді. Айтуынша, боксшылар бұл бәсекеге жіті дайындалған.
Қайрат Сәтжанов, Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері: «Бұл жарысқа Украина, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан құрама командалары келіп қатысып жатыр. Одан бөлек өзіміздің ұлттық құрама командасы қатысып жатыр. Мұнда қатыспай жатқан 3 шәкіртіміз бар. Олар жарақатына байланысты осы жарыстан босатылған. Өзім осы жарыстың өтуіне көңілім толып отыр»
Турнир қорытындысы бойынша 48 келі салмақтағы Теміртас Жүсіпов чемпион атанды. Сондай-ақ төрешілер шешімімен Дамир Әбдіқадыр, Нұрсұлтан Алтынбек, Оразбек Асылқұлов, Бейбарыс Жексен, Ертуған Зейнуллинов, Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Сабыржан Аққалықов, Диас Молжігітов, Ерасыл Жақпеков, Бекзад Нұрдәулетов, Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай қарсылас шақ келтірмеді. Айта кетейік, турнирде топ жарған боксшылар енді алдағы Азия чемпионатында ел намысын қорғамақ.