Шымкентте «Өмір сыйла, донор бол!» атты қайырымдылық акциясы өтті. Қан тапсыру орталығында өткен шараға жастар ресурстық орталығы қолдау білдірді. Игі іске қала жастары үлес қосты.
Қан тапсыру акциясы таңғы 9-дан басталды. Орталық мамандары келушілерге алдымен қан тапсырудың шарттарын түсіндірді. Ізгілікті іс шараға өз еркімен келгендердің бірі 22 жастағы Мөлдір Базарбаева.
Мөлдір Базарбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен ерікті жас ретінде қан тапсыруға келдім. Қан тапсыруымның себебі ауырып жатқан жандарға үміт сыйлау. Бұл менің 2-ші рет келуім»
Донор 450 миллиграмм көлемінде ғана қан тапсырады. Бүгінгі акцияда 50-ден аса жас қан тапсыруға ниет білдірді. Дегенмен, келушілердің барлығы донор бола алмайды.
Ербол Тастанов, бөлім меңгерушісі: «18 жастан жоғары, гепатиттің барлық түрімен ауырмаған, созылмалы аурулары жоқ адамдар қан тапсыра алады. Ниет білдіруші келгеннен кейін тексереміз алдын ала. Кейін дәрігер рұқсат бергеннен кейін ғана тапсыруға болады»
Күн сайын 100-ден аса тұрғын орталыққа келіп қан тапсырады. Бүгінде дертіне дауа іздегендерге көмектесуге асық жандар саны артып келеді. Айта кету керек, әр тапсырушыдан алынған қан тек 42 күнге жарамды.