Сырқатына сыр бермеген суретші қария қарттар үйінде тұрады

20
фото Отырар.кз

Шымкенттегі №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 65 зейнеткер тұрады. Бүгін олар 1 қазан – халықаралық қарттар күнін тойлады. Жалғыз басты қарияларды мерекемен арна тілшісі Лаура Бабас та құттықтап, қазыналы-қарттармен тілдесіп қайтты.

Бұл — арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Былайша айтқанда, қарттар үйі. Бүгінде бұл шаңырақ астында 65 зейнеткер өмір сүреді. Солардың бірі — Ерұлан Байментаев. Осыдан бірнеше жыл бұрын инсульт алған қарияның сол жақ бұлшық еттері жансызданған. Дегенмен, өмірге құштар қарт бүгінде өз аяғымен жүріп-тұрады және сол қолымен сурет салады.

Толыққанды өмір сүруге талпынып жүрген қария орталық қызметкерлері мен өзіне күтім жасап жүрген жандарға алғысын білдірді.

1 қазан – халықаралық қарттар күнінде жалғыз басты бұл қариялар да елеусіз қалмады. Бүгін орталықта бірнеше шара ұйымдастырылып, зейнеткерлерге құрмет көрсетілді. Мұндағы мамандар ардақты ардагерлерге күтімнің тиісті деңгейде көрсетіліп жатқанын айтты.

Балшекер Сұлтанбекқызы,  №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы: «Қазіргі таңда ауқымды шаралар болып жатыр. Осы Шымкент қалалық қайырымдылық қорлар, оқу орындары және мектептерден арнайы оқушылар мен мұғалімдер келіп ата-апаларымызды құттықтап, сый-сыяпаттарын тарту етіп жатыр»

Естеріңізде болса бұған дейін «Отырар» телеарнасының жанынан құрылған «Отырар жүрегі» қайырымдылық қорының өкілдері де қазыналы қарттарға арнап мерекелік шара ұйымдастырған еді. Ұжым ардагерлерге ән мен биден шашу шашып, сыйлықтар табыстаған болатын.

Айта кетейік, №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қараусыз қалған қариялардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі зейнеткерлерді де қабылдайды. Бүгінде мұндағы 13 қызмет алушы ерекше күтімді қажет етеді.