Шымкенттік дзюдошы Талғат Орынбасар әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізді. Жүлдегер бүгін елге оралды. Спортшы Тәжікстанда өткен әлем чемпионатында 5 белдесу өткізіп, табандылығы мен шеберлігінің арқасында үшінші орынға ие болды.
Бұл жиналғандар тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл ел намысын қорғаған спортшы Талғат Орынбасарды күтуде. Дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері шымкенттіктер мен барша спортсүйер қауымына қуаныш сыйлады. Спортшыны жақындары әуежайдан күтіп алды.
Талғат Орынбасар, Әлем чемпионатының қола жүлдегері: «Жарыс Тәжікстан мемлекетінде өте мықты деңгейде өтті. Өте қиын болды мен үшін. 5 белдесу болды. Оның үстіне, тәжік балуанға есе жіберіп, қола жүлде иелендім. Жарыс ойдағыдай болды деп ойлаймын. Бір жылдай дайындаламыз біз үшін ең маңызды жарыс болғаннан кейін біз үшін жастар арасында, бір жыл уақыттай дайындалдық».
Талғат Орынбасар Тәжікстанда өткен әлем чемпионатында қола жүлде иегері атанды. Ол Сербия, Қырғызстан, Тәжікстан, Италия, Әзірбайжан балуандарымен 5 белдесу өткізді. 60 келі салмақтағы балуан 4 кездесуде қарсыласын айқын басымдықпен ұтты».
Құралбай Орынбасар, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы: «Өте жақсы белдесіп шықты. Ақтық сынға жолдама аларда тәжік балуанына сәл есе жіберіп алды. Бізге үшінші орынға күресу өте қиын болды. Өйткені былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өте мықты балуан әзірбайжандық».
Душанбе қаласында өткен бұл жарысқа 67 мемлекеттен 531 спортшы қатысты. Ал еліміздің атынан әлем чемпионатында 19 спортшы бақ сынаса, оның екеу шымкенттіктер.
Маратбек Мықтыбеков, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Шымкент қаласында 2500-ден аса спортшы қатысады дзюдо күресіне. Дзюдо күресі Шымкент қаласында 10-ға жуық мектепте бар. Мен ойлаймын бұл спортқа өте жақсы көңіл бөлініп жатыр. Өйткені бұл спорт біздің елімізде өте жақсы дамыған, нәтижесі де зор».
Талғат Орынбасар бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын айтады. Ол бір ай үзілістен кейін ересектер арасында өтетін Қазақстан біріншілігінде бақ сынайды.