Түркістанда 15 жасар қызға азғындық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды

108
Фото: ТО ПД

Түркістан облысында 15 жасар қызға 33-тегі ер адам азғындық жасады деген жазба желіде тарады. Автордың сөзінше, ол жасөспірімді қорқытып, көпқабатты тұрғын үйлердің біріне апарып, жалаңаш суретке түсірген. Содан кейін мектеп жасындағы қызға зорлық көрсеткен көрінеді.

Онымен қоймай, бірнеше күн өткен соң өрімдей қыздан өзі сияқты жас қыздарды тауып беруін талап етіп, егер таппаса 50 мың теңге ақша жібер деп бұйырыпты. Әйтпеген жағдайда, жалаңаш суреттерін ТикТок желісіне саламын деп қорқытқан екен. Автордың сөзіне сүйенсек, ер адам өзін құзырлы орган қызметкерімін деп таныстырған, алайда шын мәнінде мүлдем олай емес көрінеді.

Қазіргі таңда бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Істің мән-жайы анықталуда.

Асылжан Қалдарбеков, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары: «Полиция жергілікті тұрғынның кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімнің жалаңаш фотосуреттері туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жариялауға жатпайды».