Түркістан қаласында бірнеше күн бұрын ер адамдар арасында атыс болды. Видеодан бірнеше ер адам келісімге келе алмаған соң, бірі екіншісіне оқ атқанын байқауға болады. Әлеуметтік желіде осындай жазба тарады.
Жазбаға сүйенсек, кездесуге «№2 Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры да келген. Дегенмен, ол оқ атылғаннан кейін кетіп қалғаны жазылған.
Алайда, облыстық полиция департаменті спорт мекемесі өкілдерінің жанжалға қатысы бар деген мәлімет шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жеке басы анықталыпты.
«Түркістан қаласында тұрмыстық жанжал кезінде қаруды қолдану фактісі орын алып, нәтижесінде жергілікті тұрғын зардап шеккен оқиға бойынша Түркістан облысының полициясы қылмыстық іс қозғады. Күдіктінің жеке басы анықталған, қазіргі уақытта оны ұстау мен оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру мен тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Спорт мекемесі өкілдерінің жанжалға қатысы бар деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Барша азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», — делінген Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.