Түркістанда қала күні мерекесіне орай гала-концерт өтті. Кешке облыс әкімінің орынбасары мен Түркістан қаласының әкімі қатысып, тұрғындар мен қонақтарды құттықтап, рухани астананың әлеуетті шаһарға айналуын тіледі. Биыл Қала күні аясында онкүндік іс-шара ұйымдастырылып, әртүрлі бағытта аталып өтті.
Айта кетейік, бүгінде киелі шаһар халқының саны 234 мыңнан асып отыр.
Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі: «Киелі Түркістан қаласы қай кезде де береке-бірлігімен, ырыс-ынтымағымен, тиянақты тірліктің озат үлгісін танытумен ерекшеленген қала. Осыдан 6 жыл бұрын мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген болатын. 6 жыл киелі қаламыз жаңа серпінмен дамып, өркендеудің алғашқы кезеңін өткерді. Баршаңызды қаламыздың дамуы жолында белсене атсалысуға шақырамын. Барша түркістандықтарды қала күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Түркістанымыз дамып, өркендей берсін! Мереке құтты болсын!»
Салтанатты жиында Республика күні мерекесіне орай түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды. Кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.