Шымкентте алғашқы рет бозбалалар арасында дүбірлі дода — тай көкпар өтті. Бұрын-соңды бұндай болмаған. Айтулы көкпарға республиканың түкпір-түкіпірінен 1000 — нан аса жасөспірімдер келіп қатысты. Тіпті көршілес Қырғыз елінен де қатысушылар келді. Ұлттық спорттың болашағы – жас шабандоздардың қарқынын білмекке арна түсірілім тобы арнайы түсіріп қайтқан еді.
Әлеуметтік желіде жүзмыңдап қаралым жинайтын, көкпарсүйер қауымның дәйім назарында болған Таутұмар тайының көкпары болып өтті. Елге белгілі Тұмар көкпар атының бел баласы болған Таутұмар 8 айлық кезінен, 4 млн. теңгеге бағаланып елді елең еткізген еді. Бүгінде қалың көпшілік айтулы тайдың атына берілген дүбірлі додада орталық атшабарды аузы мұрнына дейін толтырды. Тай көкпарға ел аумағының әр қиырынан 1000 — нан аса жасөспірім қатысты. Айта кететіні, мұндай ауқымды дода жасөспірімдер арасында тұңғыш рет өткізіліп отыр.
Ғани Ахметбаев, Түркістан облысы көкпар федерациясының төрағасы: «Иә, бұл алғашқы рет. Расында біз бұны көптен күткенбіз. Сол, осы күнге жеткенімізге шүкіршілік етеміз. Себебі осындай жас балалардан, біздің ертеңгі күні ел чемпионттары болады, халықаралық турнирлер болады. Соған іріктеп, осы балалардан Құдай қаласа, біздің қазақ елінің байрақты жарыстарда, сол жерде намысын қорғайтын ұлттық құраманың жігіттері осы жерден шығады деп ойлаймын».
Нұрасыл Әбдіхайым Таутұмар тай көкпарына арнайы Жетісай қаласынан келген. Жас шабандоз бұл додаға Таутұмардың бауыры Шахтұмардың бел баласын тізгіндеп кеп отыр. Бүгінгі доданы жетісайлық жігіттірмен жетектесіп шаппақ. Осы уақытқа дейін өз өңірінде той көкпарларда шапқан ол, бұл ауқымды көкпар оның мансабындағы алғашқы екенін айтады. «Осындай додада көкпар тарту арманым еді, арманымның орындалуына сеп болған ұйымдастырушыларға асқан алғысымды білдірем» деді, жас шабандоз.
Нұрасыл Әбдіхайым, жас шабандоз: «Шынымен де үлкен алғыс білдіремін. Осындай үлкен енді, бұндай өмірде болмаған нәрсе ғой негізі. Жастарға енді зор мүмкіндік қой бұл».
Таутұмар тай көкпарының демеушісі тай иесі — Берік Сұлтан. Ол шараны ұйымдастырудың негізгі мәні ұлттық спортты өрлету мақсатында бозбалаларды үлкен додаларға кіріктіріп, жас шабандоздарды тәрбиелеу екенін айтып келеді. Ұландарды қанаттандыру үшін тай көкпарының жүлде қоры жомарттықтан кенде қалмаған. Өгізөлді атты басты жүлдеқоры Лада 14 автокөлігі. Ал бару-келу салымдары 100 мың теңгеден басталды.
Қажымұқан Абзалов, айтыскер ақын: «Бұл біріншіден тарихта бірінші өтіп жатқан тай көкпар. Енді адамның көптігін көзбен көріп тұрсыздар ғой, қазір. Той көкпардың өзі мұндай болмайды негізі көбінесе. Бірақ, мына балаларға үлкен ынта болды. Әйтпесе осындай тайлардың өзін бордақыға жіберіп жататын едік қой. Енді қазір тай көкпарға дайындап, шілде жемге апарып, оны суытып, кәдімгі жас балалардың махаббаты оянды».
Көкпарсүйер қауым жастардың қарқынын жоғары бағалады. Мұндай талас-тартыста салым көре алмаймыз ау деп, қыз-қыз додаға тың көзқарас салып тұрды.
Ерболат Нұрабай, көкпар жанкүйері: «Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар, өте мықты. Қарқындары, айтқанда қарқыны күшті. Қарқыны бірдей. Енді бұл тай көкпар болғаннан кейін, айғыр емес, жілік майлары тоқ емес, бұл тай болғаннан кейін біреуі қысылса бірден құлайды, басқа болады. Мен енді өзімнің ойым, салым салынбайтын шығар деп тұрмын».
Айта кетейік, дүбірлі дода ҚР Мәслихаттарының 30 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылар Мәслихат қауымдастығына осы бір бастаманы қолдап, ұлттық спортты дамытып жатқандарына алғыс білдіреді. Мұндай жас шабандоздарды баптауды ендігәрі дәстүрге айналдыру қолға алынатыны айтылды.
Әділет Әнуар