Бәйдібек ауданы Бөген ауылдық округіне қарасты Жиенқұм елді мекеніне өнімділігі мол тұқымды мақта өсіру және оны өндіретін зауыт салу жобасын іске асыру мақсатында инвесторлар келді. Олар жергілікті елді мекен тұрғындарына аталған жобаны таныстырып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Бұл жобаның ауқымдылығы ағын суды тиімді пайдалану, жұмыс орындарының ашылуы және жоба қуаттылығына шыққан кезеңде мол пайда келетінін кеңірек түсіндірді. Жобаның мақсаты жайылым жерлерді біріктіріп суғармалы мақсатқа ауыстырып, оны тамшылатып суғару технологиясы арқылы суғару көзделген. Дегенмен, Жиенқұм елді мекенінің тұрғындары тарапынан келіспеушіліктер орын алды.
Бүгін аталған елді мекен тұрғындарының өкілдері аудан әкімдігіне келіп бұл жобаны іске асыруға қажетті жер телімін тауып беру мүмкіндігінің жоқ екендігі, ортақ жайылым жердің тарлығы және өздерінің жалға алған жерлерін мақсатты пайдаланып отырғандығы жөнінде ұсыныстары мен өтініштерін айтып, жобаға қарсылықтарын білдірді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев тұрғындарды тыңдай келе, өтініштерін қанағаттандыратынын жеткізді.