Шымкентте жылыту маусымына байланысты өрт қауіпсіздігі бойынша акция өтіп жатыр. Іс-шара барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар тексерілуде. Акция аясында 90-ға жуық үйге газанықтағыш құрылғылары орнатылды.
Жылыту маусымының басталуына байланысты төтеншеліктер «Өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясын өткізуде. Мақсаты — тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акция барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар және қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер тексеріліп, олардың қауіпсіздік жағдайы бақылауға алынды.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Қала аумағында орналасқан қатты отынмен жылытылатын үйлер. Жалпы ведомствалық есепке сәйкес, бізде 13 мыңнан астам осы санатқа жатқызылатын үйлер бар. Қауіптілігіне келетін болсақ, пештің тартымы дұрыс болмаса, иіс тию фактісі орын алуы мүмкін. Пештің құрылысын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған жағдайда пешті шамадан тыс қыздырсақ, оның салдары өртке айналуы мүмкін».
Жалпы әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жүргізіліп, 8714 адамға жадынама парақшасы таратылды. 89 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ, 80 үйдің түтін мұржасы тазартылып, жеке кәсіпкерлермен және әкімдіктермен меморандум арқылы 125 газанықтағыш құрылғылар сатып алынды.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Түсіндірме жұмысын жүргізу барысында жылыту аспаптарын пайдалану, электр қондырғыларын пайдалану, оларды уақытылы жөндеуден өткізу, оларға тұрақты бақылау жүргізу сияқты талаптары бар жадынамалар таратылды. Міндетті түрде қауіпсіздік саласында әңгімелер жүргізілді».
Жыл басынан бері мегаполисте өрт салдарынан 2 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алған. 876 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Жалпы есепті кезеңде қала аумағында 249 өрт фактісі тіркелді. Салдарынан 2 адам қаза тапты, 8 адам әр-түрлі дене жарақататтарын алды. Материалдық шығын 876 миллионнан астам соманы құрады. Сонымен қатар, өртке қарсы қызметімен мемлекеттік және жеке мүліктің қорғалған сомасы – 4 млрд 335 млн астам сомаға материалдық құдылықтар құтқарылды».
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жылыту маусымы кезінде өрт қауіп-қатерлерінен қорғану үшін түтін құбырлары мен пештерді күйеден тазалауды, электр сымдарын тексеруді, пештерді дұрыс пайдалануды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.