Кісі өліміне соқтырған жол көлік оқиғасына кінәлі азаматқа сот үкімі шықты

321
фото inbusiness.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы М.-ға ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен /көлік құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет/ айып тағылған.
Сотталушы 2024 жылдың тамыз айында автокөлігін Шымкент қаласы А. Асқаров көшесі бойымен басқарып келе жатып, жол ережесін сақтамай Республика даңғылының қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінде өтіп бара жатқан С.-ны қағып, абайсызда жол көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі дәлелденеді. Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
 
Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші өкілі сотталушымен татуласқанын, оны кешіргенін көрсетті.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыру жазасының төменгі мөлшерін тағайындауды сұрады.
 
Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, жәбірленуші өкіліне келтірілген залалды өтеуін, асырауында жасөспірім балалары болуын ескерді, ауырлататын мән-жай анықталмады.
Сот, М.-ны ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді.