«83,1 млн теңге залал келтірді»: Қаржы пирамидасының басшысы сотталды

26
iStock

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке тұлғалардың ақшасын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру (ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) бойынша М.-ға қатысты үкім шықты.

2020 жылдан 2022 жылға дейін «Instagram» және «TikTok» әлеуметтік желілері арқылы М. «S-Group» қаржылық пирамидасының қызметін белсенді түрде жарнамалап, ол арқылы презентациялар, Zoom конференцияларын өткізіп, ҚР азаматтарын «S -Group» қаржы пирамидасының салымшысы болуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тартқан.

Осыдан кейін сотталушы оларды кеңсесіне шақырып, ешқандай да күш жұмсамай-ақ жоғары қайтарымын уәде етіп, оларды тіркеген және олардан қолма-қол ақша алған.

2020 жылдан 2022 жылға дейін тартылған қаражаттың (келтірілген залал) жалпы сомасы 83,1 млн. теңгені құраған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің айғақтарымен, үгіт-насихат жұмыстарының бейнежазбаларымен, ақшалай қаражаттың түсуі бойынша кіріс ордерлерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Прокурор 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өзінің іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, тағылған айыпты мойындамады. Жәбірленушілер қатаң жазалауды және азаматтық талап қоюларды қанағаттандыруды сұрады.

ҚК-тің  217-бабы 3-бөлігі 2) тармағының санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот жас балалардың болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен М. ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған азаматтардың қаражаты мен инвестициясын тартуға байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

52,6 млн. теңге азаматтық талап қою қанағаттандырылды (қалғаны татуласуға байланысты талап қоюдан бас тартты). Үкім заңды күшіне енген жоқ.