Шымкентте күзгі шақырылымның соңына дейін 1000 — нан астам азамат әскерге жөнелтілуі керек. Кешегі шыққан заң бойынша әке болғалы жатқандар әскерден босатылады. Сонымен қатар, бүгінде әскери медициналық сараптамадан өту де күрделенген. Бұл процесс енді қалай болып жатыр? Шымкенттік әскерге шақырылған жастар арасында қандай аурулар жиі кездеседі?
Қазақстанда енді әкелер ғана емес, әке атанғалы жатқан жандар да әскерден босатылады. Ал осыдан бір ай бұрын әскерге шақырушылардың сапасын арттыру мақсатында медициналық тексеріс күшейтілген еді. Ендігі сол медициналық тексеріс іс жүзінде қалай жүріп жатыр? Қандай денсаулық кінәраттары бойынша әскерден босатылады? Оны бірге білейік.
Шымкентте күшейтілген медициналық тексеріс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Күзгі науқанның қызған шағында енгізілген өзгерістерге қалалық әскери комиссариат бейімделіп үлгерген. Мұнда мамандар жаңа бағыт бойынша шақырушыларды жіті қарап, жиі кездесетін ауруларды атады. Қала жастарының басым бөлігі варикоцеле, гастрит асқазан жарасы, көздің ақауы және артық салмақ пен салмақсыздыққа бой береді екен. Дегенмен бұл кінәраттың барлығы шақырушыны міндетінен босатпайды.
Аурудың сатысына байланысты арнайы категорияларға қарастырылып, шешім шығарылады. Жалпы мамандардың сөзінше, шаһардағы әскерге шақырушылар көбіне майтабан, бруцеллез, артрит, эпилепсия яғни қояншық сынды аурулардың асқынған түрімен жарамсыз болады екен.
Маржан Каңлыбекова, терапевт: «Қосымша зерттеу керек болса, бізде клиникаларға жібереміз. Қажетті мамандар болса, мысалы травматолог, уролог керек болса, қосымша МРТ-ға басын түсіретін болса, рентгенге аяқтарын түсірсе біз оларды қосымша басқа клиникаларға жібереміз».
Арнұр Нұрбаев 2001 жылы туған. Отан алдындағы борышымды өтеуден қашпаймын деген ол, оқуы мен тоқуы ұзақ медицина саласында білім алған. Елде емес, шетелде Ресейде оқыған. Сондықтан болар әскери дағдыны қосымша ала алмаған. Дегенмен ол үшін бұл маңызды емес. Себебі Қазақстанда әскери парызын өз қызметімен қатар өтесем дейді. Жамбылдағы Отар әскери базасына аттанғалы тұрған сабаз алғашқы 6 айда парызын өтеп, қалған жарты жылдықта келісімшартпен медициналық қызмет көрсетпек ниетте.
Арнұр Нұрбаев, әскерге шақырушы: «Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Бәрін өттім, ЭКГ, кардиология, не бар тағы да хирург бәрінен жақсы өттік. Медицинаны жақсы көрем өзім. Медиктің фармацевтімін. Дәріханада істегем. Дәрі-дәрмектің бәрін жақсы білем. 5 жылдық тәжірибем бар».
Шымкенттегі әскери комиссариат осы күзден бері цифрлық жүйе бойынша жұмыс жасап жатыр. Елдегі мегаполистерде ғана жүзеге асып жатқан бұл пилоттық жоба азаматтардың туғанынан бастап бүгініне дейін өткерген медициналық ахуалын тайға таңба басқандай көрсетіп береді. Мұнымен мамандар оперативті және ең маңыздысы әскери сараптамадағы шақырылушының бұрынғы тексерісіндегі денсаулық ақауын біліп, оған баса назар аударады. Әзірге бұл жоба мамандар тарапынан оң пікірге ие болып отыр. Алдағы уақытта республиканы қамтымақ.
Әжімұхан Шынтаев, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы: «Ол жерде диспансерлік тіркеу де, одан кейін өзінің жергілікті дәрігерге қаралған немесе кеңес алған ақпараттары сонымен қатар ауруханаларда жатқан ем қабылдаған болса, ол ақпараттың бәрі сол базада тұрады».
Жоспар бойынша биылғы күзгі шақырылымда 1000 нан астам азаматты әскерге жіберу мақсат етілген. Бүгінде Шымкентте 700 — ге жуық азамат әскерге жөнелтілген. Жасақтау басқармасының айтуынша Шымкент өңірі барлық әскер түрлерін қамтиды.
Шаһар азаматтарының денсаулығына байланысты түрліше шекара, күзет, қарулы күштер және төтенше жағдай әскери бөлімдеріне жасақталады. Бұл міндеттерден соң ұлттық ұланға сарбаздар тізу жұмыстары басталады.