Автогаз тапшылығының себебі белгілі болды

33

Шымкенттік кәсіпкерлер автогаз тапшылығына шағымдануда. Жанармай құю бекеттерінің иелері автокөліктерді газбен қамтамасыз ету үшін бөлінген көлем жеткіліксіз екенін, оның бірнеше аптаға ғана жететінін айтады. Сондықтан кәсіпкерлер сұйытылған газды бөлшек сауда бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүр.

Жергілікті энергетика басқармасының мәліметінше, қалада айына 10 мың тоннадан астам газға сұраныс бар, алайда министрлік бөлетін лимит өткен жылғы деңгейде қалып отыр.

Шымкенттегі автогаз жағдайы тұрақты емес. Жергілікті жүргізушілер үнемі газ тапшылығына үйреніп қалған сияқты. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өкілдері, мемлекеттік органдар және жанармай құю станциясы иелері неге барлық көліктерге газ құю мүмкін емес екенін түсінуге тырысты.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар сұранысты қамтамасыз етуге дайын, бірақ бөлінген автогаз көлемі тек жарты айға жетеді. Газ тез сатылып кетеді, содан кейін бекеттер жұмыссыз қалады. Сондықтан кәсіпкерлер автогаздың бір бөлігін коммерциялық бағамен, литрін шамамен 120-130 теңгеге сатып алуға мәжбүр болып, оны шамамен екі есе арзанға сатады.

Жарылқасын Бөгенбай, жанармай құю бекетінің бөлім басшысы: «Әр ай сайын бізде бір-екі апта автогаз станциялары жұмыс істемей тұрады. Бізде көлемді бөлу механизмі бар. Егер біз коммерциялық көлемді сатып алатын болсақ, онда келесі тоқсанда көлем артады. Бұл барлық газ құю бекеттерінің жұмыссыз қалмауы үшін жасалады».

Бұл жағдайларда автогаз сатудан түсетін табыс кәсіпкерлердің айтуынша, іс жүзінде нөлге тең. Жергілікті энергетика басқармасы мегаполистегі автогаз тапшылығы айына 20-25%-ды құрайтынын және бұл тапшылықтың өсіп жатқанын айтып отыр. Мәселен, жыл басында кәсіпкерлер 8-9 мың тонна сұйытылған газға өтініш берген болса, қазір қажеттілік 10 мың тоннадан асады. Ал министрлік тек 7-8 мың тонна көлемінде газ бөлуде. Автогазбен жүретін көліктер саны артып келеді, ал бөлінген газ көлемі өткен жылмен салыстырғанда еш өзгермеген.

Самат Мергенов, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды даму басқармасы басшысының орынбасары: «Біз арнайы талдау жасадық, Шымкент қаласына бөлінген газ көлемі өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ. Ал тұтыну қарқынды түрде өсіп жатыр. Қазір біз қалаға бөлінген лимитті арттыру үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз»

Бірақ лимит нақты арта ма, ол әлі белгісіз. Себебі автогаз тапшылығы еліміздің барлық аймақтарында байқалуда. Кәсіпкерлер бұл мәселені шешу үшін газ бағасын көтеруді ұсынып отыр.

Жаннат Досанова, кәсіпкер: «Газдың бағасы қазір 120 теңге болуы керек. Бұл объективті экономикалық баға».

Бәсекелестікті қорғаушылар егер автогазды жанармай құю станциялары арасында әділетсіз бөлу орын алса, кәсіпкерлер оларға жүгінуге құқылы екенін алға тартты. Биыл олар бір кәсіпкердің мүддесін қорғаған.

Ернар Қосбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Газды әділетсіз бөлу байқалса, олар бізге жүгінеді. Біз бұл фактіні растаймыз. Сосын энергетика басқармасына ескерту жасаймыз. Бүгінде қосымша 72 тонна сұйытылған газ бөлінді».

Бүгінде қазақстандықтардың көбі газбен жүретін көліктерді таңдайды. Себебі оның бағасы қалтаға қонымды. Тек соңғы екі жылда Шымкентте автогазбен жүретін көліктер саны үштен бірге артқан.

Шұғыла Ерментай