Аудан тұрғынының жылжымайтын мүлікке жеке меншік құқығы сақталды

24
фото egemen.kz
Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті Бәйдібек аудандық сотына жүгініп, жылжымайтын мүлікті (тұрғын үй жер телімімен) жария ету жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тануды сұраған.
Арыз шешімнің облыстық мемлекеттік архивке сақтауға түспегендіктен оның заңсыздығы туралы тұжырыммен негізделген. Істі сотта қарау барысында тұрғын үй 1981 жылы салынғаны және оны жауапкер 2006 жылы құжатсыз сатып алып, осы күнге дейін сол үйде тұратыны анықталған. Аталған мән-жайлар заңды күшіне енген сот шешімімен бекітілген.
Одан бөлек, жауапкердің сотқа ұсынылған құжаттарына сәйкес, «Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі №157 Заңының талаптарына сәйкес жауапкер 2007 жылы үйді астындағы жер учаскесімен жария еткен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі № 696 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу ережесiнің талаптарына сәйкес уәкілетті орган жерге орналастыру жұмыстарын жүргізіп, жер учаскесіне құқық беретін актіні жасап берген.
Кадастрлық істің ішінде жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссия шешімнің түпнұсқасы сақталған және сот отырысында комиссияның мүшесі болған азамат шешімдегі қол өзіне тиесілі екенін көрсеткен.
Ал, талап қоюшы құқық беретін даулы шешімді жауапкер қолдан жасағаны туралы құқық қорғау органдарына жүгінбеген және жауапкердің даулы шешімді заңсыз жасағаны сот үкімімен дәлелденбеген. Сот, департаменттің даулы шешімнің заңдылығы бойынша тексеру жұмыстарын  жүргізбей, тек болжамдарға негізделген уәждерін негізсіз деп таныған.
Нәтижесінде жер ресурстарын басқару департаментінің жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Сот шешімі заңды күшіне енбеген.