Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімнің құрылғанына 41 жыл толды

24
фото ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОН

Шымкенттегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бригадасы бөлімінің құрылғанына 41 жыл толды. Айтулы датаға орай әскерилер салтанатты жиын ұйымдастырды. Іс-шараның маңызды сәті, сол бригадада қызмет еткен 30 сарбаздың 8-і келісімшартқа қол қойып, мансабын сол бөлімде жалғастыруы болды.

Шымкенттегі әскери бригадада қызмет еткен 30 сарбаздың 8-і келісімшартқа қол қойып, саладағы мансабын жалғастыратын болды. Запасқа шығарылған жауынгерлердің арасында — Қайсар Сұлтанқұлов та бар. Ол Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бригадасында қызмет еткен. Қатардағы жауынгер әскерде жүріп тегін оқуға мүмкіндік алды.

Қайсар Сұлтанқұлов, запасқа шығарылған мерзімді қызметтегі сарбаз:
«Біз бүгін 1 жылдық әскери борышымызды аман-есен өтеп, үйге қайтудамыз. Маған әскери даярлықта жақсы жетістіктерге жеткенім үшін қорғаныс министрлігінен жоғары оқу орнына тегін оқу сертификаты берілді. Мен өте қуаныштымын. Алдағы уақытта оқу мен әскерден алған тәртібімді қолданамын»

Шымкенттегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бригадасы бөлімінің құрылғанына 41 жыл толды. Айтулы дата ардагерлер мен әскери қызметшілер үшін ғана емес, өз қызметін аяқтап, запастағы әскерилердің санатына қосылғандар үшін де маңызды. Қатардағы жауынгер Сәкен Омархан әскердің маңыздылығына тоқталып өтті.

Сәкен Омархан, запасқа шығарылған мерзімді қызметтегі сарбаз:
«Әскер маған отанды сүюді үйретті. Ата-ананың, ел-жұрттың қадірін ұғындым. «Отан» деген ұлы ұғымның байыбына барып, қадірін түсіндік. 1 жылды бірге өткізген достарымды қимаймын. Казармадағы қызықтар өз алдына бір бөлек. Әскери өмірдегі қызықты сәттерді інілеріме үлгі етіп көрсетемін»

Салтанатты жиында подполковник Мират Уашпаев қызметтен босатылған сарбаздарға сөз арнады. Сондай ақ, бөлімнің барлық жеке құрамының атынан борышын адал атқарған сарбаздарға алғысын білдірді.

Мират Уашпаев, бригада командирінінің міндетін атқарушы:
«Біз қызметін аяқтап жатқан сарбаздарымыздың әрқайсысын мақтан тұтамыз. Олардың еліміздің қауіпсіздігіне қосқан үлесін бағалау керек. «Срочники-2.0» бағдарламасы біздің жауынгерлер үшін жаңа көкжиектер ашуда. Бұл олардың кәсіби маман ретінде дамуына және өсуіне мүмкіндік береді. Келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға бел буған сарбаздар біздің әуе кеңістігіміздің сенімді қорғаушылары болатынына және армиямыздың болашағына елеулі үлес қосатынына сенімдіміз»

Әскерге шақырылған сарбаздарды қолдауға арналған бағдарламаның болуы мемлекеттің әскери қызметшілерге және олардың болашағына деген назарын көрсетеді. Бұл халықтың білім деңгейін арттырып қана қоймай, армияның кадрлық әлеуетін нығайтуға да ықпал етеді дейді сала мамандары.