Шымкентте алқа отырысының кезекті басқосуы дауы толастар емес білім басқармасына арналды. Бұл жиынға қала әлеуметінің түрлі санатынан маңызды деп келгендердің қарасы көп болды. Жақында ғана басшысыз қалған білім басқармасының жауаптылары жыл басынан бергі есебімен бөліссе, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті біраз айып тақты. Онан бөлек, әдеттегідей тұрғындардың талап-тілектері де шаш етектен. Білім саласын бір арнаға жүйелеу үшін бас қосқандар жиынында тағы не айтылды?
Өмір Шыныбекұлы, Қоғамдық кеңес мүшесі: «Мектепті көрдім, денем түршігіп кетті. 21 ғасырда сондай жерде балалар оқып жатқаны».
Осы мәселені алқа отырысында қозғаған қоғам белсендісі №67-ші мектепте санитарлық талаптарды былай қойғанда мектеп төңірегіндегі зауыттардың радиациясын айтып, қауіпті жеткізді.
Атап айтсақ, бұзылған зауыттың залалы тарайтын аймақта балалар білім алып жатыр. Аталмыш мектеп директоры бұл мектептің КСРО тараған тұста абыр-сабыр кезеңде жөнсіз табысталып, бүгінде білім мекені болуға жарамайтынын айтқан. Айтылып келе жатқан шағымдар нәтижесінде білім басқармасына СЭС тарапынан жаңа мектепті соғу, яғни балаларды көшіру талабы қойылған. Жауапты ведомство бұған қатысты 2030 жылға дейінгі жоспарда бар десе, қала әкімдігі бүй деді.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мен енді қазір нақты есімде жоқ, соның маңайында бір бос жерге теміржолдан былай қарай ол алаңқайдан басқа жерге жаңа мектеп салу мәселесін тапсырған болатынмын. Мен сізге қосымша ақпаратты жазбаша түрде немесе жеке өзіңізге берейін жарай ма? Менің әріптестерім кішкене біліңкіремей отыр ғой».
Шымкенттегі мектептер мен балабақшалардың аттестациядан өтуі мегаполис деңгейіне мүлдем сай болып тұрған жоқ. Биыл аттестациядан өтуге тиісті 130 балабақшаның тек 10 пайызы ғана, яғни 13 мектепке дейінгі тәрбие орны аттестациядан өте алған. Ал қалған бөбекжайлардың 77-сі екінші тексерістен өтсе, 40 балабақша бүгінде талапқа сай емес. Олар енді профилактикалық бақылауда. Ал мектептердің жәйіне тоқталсақ, ол да мәз емес екен. 70 мектеп нысаны тексеріліп, тек 10-ы ғана бірінші аттестациядан өткен. Енді екінші тексеріс тағы да жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек те білім сапасында біраз мәселе қордаланып қалған. Бұл туралы кезекті алқа отырысында айтылды.
Рыскелді Әліш, Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы: «Жоспардан тыс тексерулер бойынша департаментпен биылғы жылы 22 білім беру ұйымына әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша іс қозғалып, лауазымды және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынды».
2022 жылы өткен білім сапасына байланысты халықаралық PISA зерттеуіне 22 шымкенттік білім ұйымы қатысқан. Нәтижесінде республика көлемі бойынша ең төмен деңгейді тіркеген. Сонан бері білім сапасын арттыруға күш салынып, өткен жылмен қарағанда сапа биыл 0,8 пайызға артқан екен. Бүгінде білім басқармасының иелігінде 45 штаб бірлігі болса, оның 30-ында мамандар қызмет атқарып жатыр. Ал қалған 15-і бос тұр.
Гүлнар Дарыбаева, Білім басқармасы басшысының м.у.а: «Білім сапасына педагогтардың біліктілігін арттыру тікелей байланысты болғандықтан, олардың кәсіби өсуі де маңызды. Қазіргі таңда қалада біліктілік санаты бар педагогтардың үлесі 64 пайызды құрайды. 2024 жылдың соңына дейін 68 ге жеткізуді көздеп отырмыз».
Жекеменшік пен мемлекеттік мектептердің ара-жігі көп тұрғынды мезі қылыпты. Мәселен, жекеменшік мектепте оқитын бала мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерді ала алмайды. Мектеп оқулықтарына да қол жеткізе бермейді. Бұл мәселе бүгінде әурешілікпен яғни баланы мемлекеттік мектепке құжат түрінде ауыстырып, тиісті көмекті көрсетіп, қайта жекеменшікке өткізумен шешілуде. Бұл заңбұзушылық емес амалсыздық шарасы болып тұр дейді, жауаптылар. Осыған байланысты қала әкімдігі заң өзгерісіне ұсыныс жіберген, бүгінде билік органдарында талқылау кезеңінде екен.