Есірткі тасымалдаушыларды құрықтау бүгінде қиынға соқпайды

20

Шымкентте кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықбұзушылық көрсеткіші жоғары. Әсіресе есірткі қабылдау я тасымалдау бүгінде өршіп тұр. Осыған орай, қалалық прокуратура есірткінің залалы туралы деректі фильм түсіріп, оқу орындарында профилактикалық шара жүргізіп жатыр. 

Шымкентте өткен жылдан қарағанда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық 4,2 пайызға артқан. Мамандардың айтуынша, жастар арасында ұрлық-қарлық және ұрып-соғу заң бұзушылықтары белең алған. Басты себебі санасы толық қалыптаспаған жастың өтпелі кезеңдегі еліктеушілігі екен. Өйткені әлеуметтік желілерде желдей ескен қылмыс серкелерінің видеолары ақ-қараны әлі нақ ажыратпайтын бозбаланы бандиттіке баулиды. Осылай деген жауапты орган, жасөспірімдер теріс бағытқа қадағалаудың жоқтығынан түсіп кететінін айтады.

Осыған орай, ата-ананың уысынан шығып не әке-шешенің моральдік қолдауы жетіспейтін жандарға арнаулы мекемелерден бөлек, жалпы әлеуметтік мекемелерде тығырықтан шығаруға арнайы психолог қызметтері қарастырылып жатыр.

Қайсар Қалдабаев, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Қаншалықты өмірлік қиын жағдай тап болса да, біз шақырғымыз келеді. Әрбір білім беру ұйымдарында педагог, психолог мамандары бар. Ол мамандар тығырықтың кез келген жолынан шығу бағытында бірлесіп жұмыс атқаратын болады». 

Кәмелетке толмаған жастардың арасында құқықбұзушылықтың ең көп үлесі әлі де есірткі тасымалдау мәселесі болып тұр. Тіпті сәт сайын артып жатыр. Заңсыздыққа баратындар көбіне әлеуметтік аз қамтылған, толық емес отбасынан шыққан балалар. Және бұл қылмысқа итермелейтін әлеуметтік желілердегі жымысқы жарнамалар.

Басында сондай жеңіл әрі мол табыспен тартады екен. Нәтижесінде кешегі бозбала, бүгінгі қылмыскер болып құрықталып жатыр. Қазір есірткі тасымалдаушыларды құрықтау қиынға соқпайды, көп жерде камера бақылауы бар. Сондықтан арам істен аулақ болыңдар мақсатында, Шымкентте жасөспірімдерге құқықбұзушылық туралы профилактикалық жұмыстар басталып кетті.

Аружан Әлжан, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары: «Жастардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактика өткізсек деген ұсыныстар болды. Соны бізде қолдай кетіп, дәл қазіргі таңда бұл аптаның өзінде 7 іс-шара ұйымдастырғалы отырмыз». 

Ұлжан Құрманбай 1 курс студенті. Ол бүгінгі шараға өз құқықтары мен міндеттерін жіті білу үшін келіп отыр. Өзі құқықбұзушылықпен бетпе-бет келмесе де, қоғамдағы жасөспірімдердің тарапына немесе олардың заңбұзушылықтарына бірталай куә болған. Сондықтан тағы да сақтану мақсатында ол бұл шараны маңызды деп біледі.

Ұлжан Құрманбай, М. Әуезов атындағы ОҚУ студенті: «Бұл дүние шыны керек жастар үшін өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені бұл қоғамның үлкен мәселесі. Яғни менің тарапымнан, менің өмірімде болмаса да көптеген студенттердің көптеген жасөспірімдердің өмірінде болатын дүние». 

М. Әуезов университетінде құқыққа байланысты құрылым жүйеленген. Егер де ауқымды құқықбұзушылықтар орын алса, барша қызметкерлер қатысатын әдеп кеңесінде талқыланып, шешімі шығарылады. Ал тәртіп бұзушылықтарды реттеуге әр факультетте арнаулы мамандар бар. Мұнда тек студенттер тарапынан шағым айтылуы жеткілікті.

Ақан Бесбаев, М. Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығының директоры: «Ол кеңес үнемі бола бермейді. Бірақ сол кеңеске дейін жететін болса мәселе шынымен ушығып, ол кезде тіпті студентті оқудан шығару, немесе оған шара қолдану сондайға дейін барады».

Шымкентте жыл басынан бері 469 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 5000 — нан астам кәмелетке толмаған жасөспірімнің беймезгіл уақытта үлкендерсіз көшеде жүргені анықталған. Тәртіп бұзған 588 жасөспірім бейімдеу орталықтарына жөнелтілген. Тағы айта кететіні, есірткіден емделетін орындардағы жасөспірімдердің саны 8 ге артқан. Осы бағытта оңтайластырып есірткі жайында деректі фильм түсірген қалалық прокуратура енді алдағы апта бойы жастар ордаларында профилактикалық шаралар жүргізеді.