Ханбибінің биігі – мәдени майталманның мерейтойы тойланып жатыр 

28

Хан қызындай дара тұлға Ханбибі Есенқарақызының 75 жас мерейтойы қарқынды леппен басталды. Ақын тойының шымылдығын жазба ақындар мүшәйрасы ашып берді. Өлең өнерпаздары республика бойынша өтінім беріп, жыр жолдаған. Сондай-ақ, өлең додасын тамашалауға және баға беруге алыс-жақыннан ірі азаматтар жиналған. Екі күнге жалғасатын шаралар легінде театрлық премьера, ғылыми конференция және шығармашылық кеш сынды түрліше іс-игіліктер өткізіледі. 

«Нурикамал», «Алтынай», «Қадиша» және «Көңілгүл». Қазақ әндерінің мәңгілік әуеніне айналып, күні бүгінге дейін қаншама жанды тербеген, ескірмейтін есті әндердің өлеңін кестелеген Хан қызындай Ханбибі. Оның биіктігі, шоқтығы қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі өлшеусіз еңбегімен астастырылады. Оңтүстік өңірі емес тегіс қазақтың өр кеуделі ақыны атанған Хан апа ширек ғасырлық жасқа келсе де, шығармашылық шекпенінен шет қалмады. Бүгінгі 75 жас мерейтойында сыр мен жырдың тұлғасы шығармашылық жаңа туындысын тарту етпек. Ал мәдени майдангердің атаулы күнінде өлеңді өмір деп білетін қазақтың жасы да, жасамысы да тіпті қариясы да Ханбибінің мұрасына бойлап, жарыса жырлады.

Ханбибі Есенқарақызы, ақын, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген қызметкер: «Шығармашылықты айтар болсам, міне күні кеше баспаханадан басылып шықты. «Көктеммен қоштаспаған жаз» деген бұл кітап әкімдіктің қолдауымен жарық көрді. Елімізде ақындар көбейсін, ақындар көбейген жерде бейбітшілік заман болады». 

Ақынның тойы поэзиясыз өтсін бе! Ханбибінің биігін жырлауға республика бойынша 60- қа тарта жыр шеберлері өтінім беріп, тұлғаның болмысы мен болдырғаны туралы жарыса жыр жолдаған. Ол тізілген өлеңдерді елге белгілі алып ақындар іріктеп, 10 өнерпазды кіл үздік таныған. Олардың қатарында Ханбибі қатарластары жырдың мазмұнынын ғұмырдарияға шолуға арнаса, жас буын ақынның нағыз қазақ әйеліне тән өршілдігін өлеңге өріп, арнау толғады. Жазба ақындардың мүшәйрасы болып өткен шығармашыл шарада он ақынға да жүлде қаралып, үздіктері әдеттегі орындар бойынша марапатталды.

Сабыржан Ақан, мүшәйраға қатысушы: «Шығармашылығында мінез ғой, еркекке тән. Ол кісіде еркекке бергісіз мінез бар. Сол мінезі үшін қазіргі таңда ол кісі қазақтың Ханбибісі болып отырған шығар деп өз басым ойлаймын. Ол осы Нурикамалдың оқиғасы арқылы ғана Қазақ әйелінің келбетін, мінезін сол өлеңмен сол тарих арқылы сол ән арқылы берді деп ойлаймын». 

Ханбибі Есенқарақызы ғалым болмаса да, ғалымдай істеген ісі елге мәлім және үлгі. Ақын Шымкенттегі қуғын-сүргін музейінде қызмет еткен шақта, сонау өткен ғасырдағы Алаш қозғалысының құралы болып, тәуелсіздікке жол бастаған Ақ жолын газетін мұрағаттан қопарып шығып, томдарға жинақтаған. 20 мен 25 жылдар аралағында шыққан газеттерді 25 том етіп, бір институт еңбегін жалғыз өзі істеген. Осыған орай іс-шаралар легінде халықаралық ғылыми конференция да өткізіледі.

Қазыбек Иса, ақын, Мәжіліс депутаты: «Алаштың үні «Қазақ» газеті ғой. «Қазақ» газеті 20-шы жылдары жабылғаннан кейін оның орнына 25 жылға дейін «Ақ жол» газеті шығып тұрды. Яғни, Алаштың үнін жалғастырды. Осы газеттің өзін шығару үлкен керемет». 

Шығармашыл жанның шығармашылығынан қалалық Жұмат Шанин театрының жастары «Сендегі мені өшірме» атты поэтикалық толғаудың премьерасын өткізбек. Аталмыш театр өкілі сондай-ақ кешегі шығып, қоғамда біраз қарама-қайшы пікірталас тудырған «Нурикамал» фильмі теріс бағытты насихаттамайды дейді. Еркінбек Шымырқұловтың айтуынша, ол киноның негізгі берер ойы мүлдем басқа. Бұл сала өнер болғасын өмірді боямасыз бейнелейді. Ал мұндай жағдайлар сіз бен біздің алдымызда болып жатқаны жасырын емес. Фильмде біз тарихқа және басқа да маңызды дүниелерге үңілсек деді белгілі театр әртісі.

Еркінбек Шымырқұлов, Мәдениет қайраткері, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрдың әртісі: «Бірақ оны былай айтты, былай айтты деген көпшіліктің әртүрлі пікірі болады ғой. Бірақ біз өнердегі адамға оның о арғы жағындағы мәні жатыр. Екеуінің достығы. Екеуінің бір-біріне деген жұптығы. Екеуінен шыққан осы дүние, шығарма бізді жетелейді».

Қазақтың Ханбибісінің мерейтойы шығармашылық кешпен жалғасады. Мұнда ақын шығармашылығынан ән айтылып, жыр төгіледі. Дара тұлға бұл шараға сеп болып отырғандарға асқан алғысын жаудырды. Ендігі бұл мерейтой ақын үшін шығармашылық серпіліс болады деген үмітте.