Кәсіп бастап, табыс табуға ештеңе кедергі емес

29

Кәсіп бастап, табыс табуға ештеңе кедергі емес! Бұл сөзімізге 32 жастағы Нұрмаханбет Төлегенұлы дәлел бола алады. Ол ІІ топтағы көз мүгедегі болса да, бүгінде бизнеспен айналысып, табыс тауып жүр.

Нұрмаханбет Төлегенұлы шарларды қолдана отырып түрлі мүсін мен композиция жасайды. Ол 12 жылдан бері аэродизайнерлікті қолға алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкердің айына миллиондарды табуына оның ІІ топтағы көз мүгедегі болғаны кедергі емес.

Нұрмаханбет Төлегенұлы, аэродизайнер: «Әр нәрсенің өзінің маусымы болады. Мұның да өз маусымы бар. Мұның маусымы 25 мамыр түлектер оқу бітіріп жатқанда, 1 қыркүйек келе жатқанда, балаларды қорғау күні дегендей. Ол кездерде өзіңнің брендіңді қалыптастырған жағдайда, қасыңда біраз жұмысшы болғанда үлкен сома табуға болады. Ал қалған кезде кішігірім тапсырыстар болады. Дегенмен, оның өзі ауқымды. Жалпы айына миллионның үстінде табуға болады»

Аэродизайн – шармен әсемдеуді қамтитын ойын-сауық индустриясының бір саласы. Мұндағы мамандар түрлі шардан салтанатты безендірулер жасаумен айналысады. Нұрмаханбет Төлегенұлы бүгінде бөлме мен ашық алаңды көркемдеуде халықтың талғамы өзгергенін айтады.

Нұрмаханбет Төлегенұлы, аэродизайнер: «Бұрынғыдай 5-6 түсті алып, сол түстерден ғана жұмыс жасап қоя салмайсыз. Қазір үлкен 18,24,32 дьюмдық түссіз шарлар қолданылады. Сол секілді шарлардан түрлі композиция құрастыру қажет. Көбі қазір жұмсақ түстерді қалайды. Бұрынғыдай 5-6 ауыр түс емес, жұмсақ түстер сұраныста»

55 жылдық тарихы бар қаладағы арнайы кітапхана оқырмандары Нұрмаханбет Төлегенұлымен арнайы кездесті. Шара барысында 32 жастағы азамат шарлардан түрлі бейнелер жасап, көпті таңғалдырды. Арнайы шеберлік сағатына қатысқандар бұл іс-шара мүмкіндігі шектеулі жандарға шабыт сыйлады дейді.

Марат Ақанұлы, «Қазақ соқырлар қоғамы» Шымкент филиалының төрағасы:
«Нұрмұханбет бауырымыздың көрсетіп жатқан өнеріне бәріміз тәнті болып жатырмыз. Артынан өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға, жастарымызға мотивация болды деп ойлаймын. Зағип жандар немесе қолынан келетін жастардың барлығына үлгі болды»

Кездесу арнайы кітапхананың «Әр сәуледен таралады тәтті үміт» сауықтыру айлығы аясында ұйымдастырылды. Жауаптылар мұндай шаралардың көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін азаматтарға берері мол дейді.

Ербек Бакиев, арнайы кітапхана қызметкері: «Осы «Әр сәуледен таралады тәтті үміттің» ішінде “Хас шебердің қолы алтын” деген шара өтті. Енді бұл айдың ішінде жарыстарға айырықша көңіл бөлінеді. Көзі нашар көретін, көрмейтін азаматтардағы брайл жүйесімен оқып, жазу, компьютерлік қабілеттілігі, көшеде ақ таяқтың күшімен кітапханаға келу сияқты жарыстардың бәрі олардың қалыптасуына ықпал етеді»

«Әр сәуледен таралады тәтті үміт» сауықтыру айлығы 1 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Іс -шара барысында мүмкіндігі шектеулу азаматтар арасында түрлі кездесулер мен жарыстар ұйымдастырылады дейді кітапхана мамандары.