Келес: Аудан орталығының жер аумағы кеңейеді

19
фото КАӘБҚ
Келес ауданының орталығы Абай ауылының «Бас жоспарын реттеу, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен біріктіру және топографиялық түсірілімімен қоса орындау» жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сондай-ақ ортақ пайдаланудағы саябақ және көп қабатты үйлер құрылысын жүргізу мақсатында, жалпы көлемі 27,782 гектар жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың бастау туралы аудан әкімдігінің қаулысы қабылданды. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Абай Молданов мәлімдеді.
— Келес ауданының орталығы Абай ауылы шегіне кіретін жер көлемі 1723,70 га құрайды. Қазіргі таңда Абай ауылы әкімі мен жер қатынастары бөлімі тарапынан жер пайдаланушылармен келісім жүргізілді. Жер учаскелерінің иелеріне жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламалар жолданып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, — деді бөлім басшысы Абай Молданов өз баяндамасында.
Ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысының мәліметінше Абай ауылына ортақ пайдаланудағы абаттандырылған аумақ құрылысын жүргізу мақсатында 0,0324 га жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару басталды. Қазіргі таңда жер пайдаланушысына баламалы жер беру жөнінде шешім жобасы дайындалуда.
Жиын барысында аудан басшысы жоспарлы жұмыстарды ширатуға, заң аясында шешім қабылдай отырып, тұрғындардың пікірін ескеру қажеттігін айтты.