Кентаудағы ЖЭО-да жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жауаптылар қазіргі таңда екі бірдей қазандық жаңартылып жатқанын айтты. Жергілікті жұрт биыл да қыстың суығында жылусыз отыра ма? Жауаптылар не дейді?
Қарашаның қақ ортасы болса да Кентаудағы жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жауаптылар мұндағы 2 бірдей қазандықтың әлі жөнделіп жатқанын айтты. Сөздерінше жұмыстар желтоқсан айының соңында ғана аяқталмақ. Алайда, әкімдіктегілер жергілікті халық былтырғыдай суық үйде отыруға мәжбүр болмайды деп сендіріп отыр.
Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары: «Қазір біз температураны артығымен беріп жатырмыз. Норматив бойынша 68 градус болса, 78 градус беріп жатырмыз. Қазір ешқандай проблема үйлерде жоқ. Үйлеріміз ыстық болып жатыр. Көп жылдан бері күтіп жүрген күрделі жөндеуге жеттік. Артығымен жылу беріп жатырмыз»
Естеріңізде болса, былтыр қыстың суығына шыдас бермей Кентаудағы жылу орталығы істен шыққан еді. Салдарынан қара халық қақаған аязда жылусыз қалды. Ал, биыл 16 қазаннан бастап тұрғын үйлерге жылу берілген. Дегенмен, жергілікті жұрт өткен жылғы суықты әлі ұмыта қоймапты.
Бейсенбек Бекназаров, Кентау қаласының тұрғыны: «Былтыр салқын болатын. Жұмыстан келгенде үй суық болып тұратын. Кәдімгідей тоңасың. Таңертең қиналып тұратын едік. Енді кімге ренжисің? Қала бойынша жағдай солай болды. Биыл жақсы»
Рашид Расулов, Кентау қаласының тұрғыны: «Былтыр әжептеуір салқын болған. Қазір түнде де, күндіз де жылы, ыстық»
Былтырғы жағдай орталықтың мүлдем жөндеу көрмегенінен орын алған көрінеді. Сондықтан биыл нысанды толық жаңғыртуға Үкіметтен 9 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Кентаудағы ЖЭО-да 8 қазандық бар. Оның 4-і толық жаңартылып, іске қосылған. Қаланы сол қазандықтар жылытып тұр дейді мамандар. Ал, бұдан бөлек тағы жөнделген екеуі резервте тұр екен.