Түркістан концерт залы лық толы, ине шаншар жер болмады. Бұл әйгілі әртістің ән кеші емес, мәдениет қызметкерлерінің жиналып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауымен өткен алқалы жиын. Мұнда бірқатар қызметкерлер өз шағымдарын айтты. Соның бірі, бүкіл Қазақстанға әйгілі «Шымкент шоу» театрына қайта түлеу үшін қолдау қажеттігін сұрады. Ал мәдениет үйлерінің бірінің басшысы жылу мәселесі бойынша түйіткілді тарқатып беруін айтты.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәдениет саласындағы барлық мәселелердің айтылуы керектігін атап өтті. Және әрқайсысына жеке тоқталып, көңіл бөлуге уәде берді. Тиісінше, мәдениет саласында түйіткілдер жетерлік екен. Мәселен, Жұмат Шанин театрының сахнасын жөндеу қажет. Ал мұндай театрлар қалада бірнешеу. Олардың барлығында техникалық базаны жаңартып, жұмысқа қолайлы жағдай туындату керек.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мекемелерге адамның көп баратындығын, қауіпсіздік ережесі сақталу керектігін, жалпы көшелерде де қауіпсіздік сақтау керектігі маңызды. Крокус сити деген мәселе болды ғой, иә, сондай мәселерді ескеретін болсақ, онда біз мұндай қауіпсіздік ережелерін мұқият қадағалауымыз керек. Біраз театрдың ғимаратының жағдайы мүшкіл хәлде. Алысқа бармай-ақ қасымызда тұрған Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының сахнасында мынандай штанкеттің 33-і бар. Үшеуі ғана жұмыс істейді, 30-ы жұмыс істемейді. Өзбек драма театрында бұл штанкет деген аты бар, заты жоқ. Қуыршақ театрының жағдайын білесіздер, оңтайландырылған ғимаратта отыр. Опера театрының төбесін жылуын әйтеуір биыл атқарып болдық. Мұның барлығы бір жылда ғана жиналып қалған, қордаланып қалған дүние емес».
Жиында театр және концерт залдары жұмыскерлерінің шығармашылық жай-күйі де талқыланды. Мұнда түрлі жұмыс атқарып, бірақ бірдей жалақы алатын әртістердің наразылығы бар. Мәселен, жылына бірнеше премьера жасайтын және бір-ақ прьемерамен шектелетін театр ұжымдары бірдей бағаланады екен.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бір әнші бар, бір жыл бойы жұмыс істейді, айлық алады, 40-50 концертке барады. Жанды дауыспен айтады, жанын салады. Келесі бір әнші бар. Бір жыл бойы сол жерде тіркеліп тұр, сағат 10-11-ге келсе келді, 2-3 те қайтады. Түнімен тойда. Коллегияға шақырсаң, ұйықтап отырады. Бірақ мына кісінің де алып жатқан айлығы да сол деңгейде, мына бірде-бір рет сахнаға шықпаған, ән айтпаған әншінің де айлығы сол деңгейде. Осы дұрыс па? Тіпті театрға да қатысты дүние. Бізде өзбек театры жылына 7 премьера қояды. Орыс театры 6 премьера қояды. 95 қойылымнан 115 қойылымға дейін бір жылда қойылым қояды. Басқа бір театр жылына 1 премьера, 28 қойылым қояды. Осы әділетті ме?».
Мәдениет жиынының нәтижесінде аталмыш саладағы қызметкерлер сұрақтарына жауап алды, ал жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктелді. Түйінде қала әкімдігі «мәдениет шаһардың маңызды салаларының бірі, себебі Шымкент қашан да өзінің өнерпаздарымен ерекшеленген», деді. Және осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың ТМД бойынша мәдени астана атанғаны айтылып, осы атаққа лайық болу керектігі міндеттелді.