Енді отау құрарда қыздар қауымына берілетін маһр сыйлығы мен қалың мал біріктіріледі. Яғни, тұрмыс құрғалы отырған қыздар болашақ жарынан маһр сұрай алмайды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы осындай пәтуа шығарды. Мұндай шешім қабылдауға не себеп болды?
Енді қыздар қауымы болашақ жарынан маһр сұрай алмайды. Нақтырақ айтқанда шаңырақ көтеретін шақта жігіт тарапынан берілетін қалың мал мен маһр сыйлығы біріктірілді. Мұндай шешім әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қала тұрғыны Шұғыла Ерментай бұл шешімді қолдамайды. Бойжеткеннің сөзінше, қалың мал қыздың ата-анасына беріледі және ол қаржы кейде тіпті қыз жасауына да жетпей жататын көрінеді.
Шұғыла Ерментай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қыз баласы үшін бұл өте тиімсіз, оның отбасына да, өзіне де. Қазіргі кезде жасыратыны жоқ қыз баласына қалың малы есебінен жасауын жасап береді. Ал қазір барлығы қымбат. Қалың малдың ақшасы кейбір кезде жетпей қалады. Ал маһр әйеліне күйеуінің белгілі бір міндетті сыйы деп бұрыннан келе жатқаннан кейін ол берілуі керек деп есептеймін».
Ал жігіттер қауымы бұл шешімді қуана қабылдады. 22 жастағы Ерболат Тұрсынбай қазір қалың малға берілетін қаржының көлемі де аз емес екенін айтады. Кейінгі кездері қыздар маһр сыйлығына жігіттің шамасы келмейтін бағалы сыйлықтар сұрап жүргеніне куәмін дейді ол. Ал ақ неке қиылар сәтте уәде етілген сыйлық құнына қарамастан ер жігіт тарапынан алып берілуі тиіс. Сол себепті ол, мүфтияттың бұл шешімін оң қабылдапты.
Ерболат Тұрсынбай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жақсы қараймын бұл нәрсеге. Себебі, қазір қалың малдың бағасы 2 млн. теңгеден басталып, ары қарай кете береді. Біріктірген себебі, менің ойымша, кезінде Маһр белгілі суммадан аспасын деген болған. Ал қазір қыздар 3 бөлмелі пәтер сұрайтын болып кетті. Ол жігіт миллионер болмаса, әрқайсысынң қалтасына ауыр тиеді деген ойдамын. Сол себепті мен оған дұрыс қараймын».
Маһр дегеніміз – қыз бен жігіт шаңырақ көтерген кезде бойжеткен тарапынан дүние мүлік немесе қаржылай сұралатын сыйлық. Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалану туралы пәтуа 18 қарашада шығарылды. Дегенмен, «Әке еңбегі», «Ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге жатпайды.
Берік Шотабек, Әбсаттар Сманов мешітінің бас имамы: «Қалың мал сұралған кезде немесе ер кісі жағынан қалыңмал берілсе, маһрдің рөлін, орнын басады деген шешімге келді. Бұл жерде бірнеше шарттар бар. Қызбен ажырасып жатқан жағдайда, барлық сол заттар қыздың еншісіне қайту керек. Екіншіден, ана сүті дейді, әке ақысы деген, олар маһр орнына жатпайды. Тек қалың мал ғана маһр орнына жүреді».
Бұл бір күнде қабылданған шешім емес дейді дін өкілдері. Сөздеріне сүйенсек, тартысқа толы тақырып екі жылға жуық уақыт қаралып, талқыланған. Ал мұндай пәтуаны бекітуге қыздардың маһрге қомақты сыйлықтар сұрауы басты себеп болыпты.