«Мейір-Бейс» медициналық колледжінің жаңа оқу ғимараты салтанатты түрде ашылды. Оқу ордасы енді денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін ғана емес, гуманитарлық бағыттағы мамандарды да даярлайды.
Түркістан облысында медициналық колледждің жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. «Мейір-Бейс» колледжі 2012 жылдан бастап білікті мамандарды дайындау ісімен айналысып келеді. Оқу ордасы енді дәрігерлерді ғана емес, гуманитарлық бағыттағы қызметкерлерді де даярлайды.
Аманкүл Жанқал, «Мейір-Бейс» жоғары колледжінің директоры: «Медициналық колледжге осы 3 жылдың ішінде гуманитария бөлімін қостық. «Фельдшер», «Жалпы практикадағы мейіргер», «Фармацевт» «Акушер», «Мектепке дейнгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының тәрбиешісі», «Бастауыш білім беру мұғалімі», «Бастауыш және негізгі орта білім берудің информатика мұғалімі», «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі», «Туризм менеджері», «Тіс технигі», «Дантист» мамандықтары бойынша және ерекше атап өтетін «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» мамандығы бойынша білім алуда»
Бүгінде колледж қабырғасында 600-ге жуық студент білім алады. Жаңа оқу ғимаратында шәкірттердің сапалы білім алып, кәсіби маман атануына барлық жағдай жасалған.
Зинакүл Тұртаева, «Мейір-Бейс» жоғары колледжінің оқытушысы: «Жоғары білікті маман дайындау үшін біз жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып сабақ өтеміз. Студенттерге топтық жұмыс жасауды да үйретеміз. Науқасқа зиян келтірмеу, науқасқа дер кезінде көмек көрсету бойынша студенттерге білім береміз. Бұл кабинет клиникаға дейінгі балалар аурулары кабинеті. Бұл кабинеттен басқа бізде клиникаға дейінгі акушер-гиникология кабинеті бар. Хирургия, стоматология, мейіргер ісі, Фармация, жұқпалы аурулардың алдын алуға арналған кабинеттер бар»
Думан Сәуірбай «Мейір-Бейс» колледжінің 3 курс студенті. Болашақ фельдшер бүгінде жоғары дәрежедегі ұстаздардан тәлім алып жүр. Мәселен, қазір ол сала маманымен бірге нәрестеге жасанды дем беру шарасын жүргізді.
Думан Сәуірбай, «Мейір-Бейс» жоғары колледжінің студенті: «Медицина саласына келгеннен кейін медицина саласындағы пәндерді өтеміз. Яғни, фармакалогия, педиатрия, мейіргер ісі салаларын көптеп өтеміз. Қазір болып жатқан сабағымыз-педиатрия. Қазір баланы тірілту шараларын, 4 блоктан тұратын шараларды өтіп жатырмыз»
«Мейір-Бейс» колледжініндегі заманауи тренажерлар студентттердің сапалы білім алуымен қатар, салауатты өмір салтын ұстануына да жағдай жасайды. Сонымен қатар, ғимарат қабырғасында кітапхана да жұмыс істеп тұр.
Жаңа оқу ғимаратының ашылу салтанатына келгендер колледж тарихына да тоқталып өтті. Жиналғандар аймақта білікті дәрігерлерді дайындайтын осындай білім ордасының болғанына қуанышты.
Әтірхан Шыңғысбаев, Төлеби ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Біздің Мейірхан деген ағамыз болды. Уақытысында бірге жұмыс істедік. Колхоздың бастығы болған. Жұмыс десе жанын беретін кісі еді. Соған тартқан Аманкүл қарындасымыз колледжді ашып осынша жұртты шақырып, батасын алып жатыр. Сондықтан осы колледж бәрімізге құтты болсын»
Айта кетсек, «Мейір-Бейс» колледжі 2015 жылы республикадағы 10 үздік медициналық оқу ордаларының қатарына енген. Колледж түлектері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек нарығында талапшыл, бәсекеге қабілетті мамандар ретінде қызмет етіп жатыр дейді жауаптылар.