«Мегаполистің орталығындағы өркениеттен жұрдай болған шағынаудан». Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғындары өздерінің тұратын аумағын осылай атайды. Не жарық, не жол, не көшенің атауы жоқ. Қаңғыбас ит қаптап жүр. Жаңбыр жауса тұрғындар мен олардың көліктері лай-батпаққа батып шыға алмайды. Мәселені айтып қақпаған есігіміз қалмады деген тұрғындар телеарна көмегіне жүгінді.
Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғындары көшелерінде асфальт болмаған соң, өздері 2 рет қиыршық тас төсеп алған. Бірақ биыл газ жүргізу үшін, жолды қазып, кейіннен жұдырықтай тастар төсеп кетіпті. Тұрғындар топырақты толық жаппайтын бұл тастар ертең жауын жауғанда бәрібір лай-батпаққа айналады деп отыр.
Рашид Сүлейменов, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны: «Жаңбыр жауса, қайтадан балшық. Үлкен болсын, бала болсын жүру қиын. Көшеге таксиден бастап, әр үйдегі көліктің шығуы қиын болып қалды. Кешегі жаңбыр кезінде машинананың бәрі лай-балшыққа тығылып, біреу жұмысына кешікті, біреуі машинасын бұзып алды. Бір арал құсап қап кеттік біз. Одан кейінгі мәселе – көше атауы. Ешқандай көше атауы ілінбеген».
Ділда Есқараева, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны: «Балаларымызды шығарып салайын десек, өзім де мына балшыққа тайып, мен де жүре алмаймын. Мына көшенің бәріне газ жүргіземіз деп қазып тастап еді. Қонақ та келе алмайды үйімізге машинасын ана жақтан тастайды».
Тұрғындары өркениеттен жұрдай деген шағынауданда не балалар алаңшасы жоқ, не көше жарықтандырылмаған. Ал қаңғыбас иттер қаптап жүр. Қазір қараңғы ерте түсетін уақытта балалардың мектепке барып келуі тіпті қиындады дейді. Ал балалар өзгелер секілді ойын алаңшалрында ойнауды қалайды.
Мұхит Жұбаныш, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны: «Бұл біздің Ынтымақ ауданындағы балалардың біразы осында ойнайды, жоқтан бар. Жұрттың балаларынан қай жеріміз кем?! Бізде басқалалар секілді ойнағымыз келеді! Мысалы жаңбыр жауған кезде мына жерде ойнай алмайсың. Лай, жүре алмайсың. Түнде мектептен қайтамыз. Мына жерде не жарық жоқ, иттер көп жүр, қорқамыз. Біз баламыз, елдің бәрі бізге қарап отыр, болашақ бізбіз. Бізге де жағдай жасап берсе екен дейміз!»
Құрмет Бейсқұлова, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны: «15 жылдан бері біздің бармаған жеріміз жоқ. Әкімшіліктің талай есігін тоздырдық. Бірақ шешілген ешқандай мәселе жоқ. Әшейін құрғақ ауыз сөз! Сағаттың ауысуына байланысты 6-да тас қараңғы болады. Балалар қараңғыда келеді, жарықтандыру жоқ. Қабаған ит көп. Әр үйде бала бар, қорқады ғой. Ойын алаңы әр үйдің алдында бар ғой, неге жер үйдегілердің жағдайы жасалмайды?!»
Газ жүргізіп жатқан энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын айтады. Мердігер тас төсеуге міндетті емес деген тиісті бөлім басшысы аумаққа қандай тас төселіп жатқанын білеміз әрі аптасына үш рет тексеріп тұрамыз дейді.
Ілияс Есжанов, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Қазан айында біз 7 көшені қалпына келтіріп бердік. Тас төселінді. Тастарды көрдік. Тағы да 4-5 көше бар тас төселмеген. Көшелерге мердігер мекеме тас төсеп беру деген сметада қаралмаған бізде. Мердігер мекеме тарапынан әрине қадағаланады. Үлкен тастар боп қалуы мүмкін арасында, оның бәрін алып тастайды. Әлі толық біткен жоқ. Аптасына 3 рет барып тұрамыз өзіміз, технадзор күнделікті барып тұрады».
Шағынауданға шағал тас төсеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатқан көрінеді. Егер жеңімпаз анықталса, желтоқсан айында тас төселеді. Ал балалар ойын алаңшасы бос жер телімі анықталған жағдайда ғана салынады деді аудандық әкімдіктегілер.
Еркебұлан Насыр, Абай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы: «Ынтымақ-2-де 20 көшесінде газ қазу жұмыстары жүргізілген. Оның бесеуінде қазір тас төсеуге, қайта жол төсеуге бізге өтініштер келіп түсіп жатыр. Қазіргі таңда сол көшелерге шағал тас төсеуге мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп жатырмыз. Желтоқсан айының 2-не бітеді конкурсымыз. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін, 10 км-ге тас төсеу жұмыстарын бастайтын боламыз. Ол жұмыстарды біз желтоқсан айында атқарамыз 100 пайыз. Балалар алаңшасына келетін болсақ, бос жер телімдері жоқ. Мемлекет тарапынан сатып алуға мұқтаждыққа алуға заң талаптарына алуға келмейді».
Жарықтандыру мәселесі 2025 жылдың жоспарына қойылған дейді мамандар. Сөзіне сенсек, қаңтар-ақпан айларында көшелерге жарық жүргізіледі.
Мирас Сиванкул, автомобиль жолдары бөлімінің маманы: «Ағымдағы жылы Белсаз, Қорған көл және атауы жоқ көшелерді орташа жөндеуден өткізуге сметалық құжаттама әзірленуде. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, бюджетке қаржы қаралған жағдайда жөндеу жұмыстары 2025 жылы атқарылады».
Ал ветеринария басқармасы қаңғыбас иттерді аулау мәселесі бойынша ауданда 2 бригада жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сөздерінше, ауланған иттер көбіне қараусыз қалған иесі бар иттер екен. Ал аумақта қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр деп сендірді мамандар.